Қытайлық Li Auto бренді биыл Қазақстан нарығына ресми түрде кіреді. Бұл туралы китайские-автомобили.рф порталы хабарлады.
Сайттың дереккөздерінің мәліметінше автокөліктер Көлік құралының түрін растау сертификатын алу процессінен өтуде.
Айта кетейік, Li Auto басшылары ресми түрде шетелдік нарыққа тек 2028 жылы ғана шығамыз, деп мәлімдеген еді. Алайда шетелдерде бейресми сатылатын Li көліктері көбейіп, сұраныс артқандықтан 2024 жылға ауыстырып, алғашқы болып Парсы шығанағы елдері мен Орталық Азия нарығына кіреміз, деп хабарлады. Қазіргі кезде Li тек Қытайда ғана сатылады. Егер Қазақстан нарығына кірсе, біздің еліміз Li Auto сатыла бастаған бірінші мемлекет болады.
Порталдың мәліметінше Li Auto-ның Қазақстанда ресми дистрибьютері болмайды, өздері тікелей өкілдік ашады. Бірінші автосалон биыл Астанада ашылады.
Li Auto L1 (тек Қытайда сатылған) 7,8,9 және жақында таныстырылған L6, Li Auto Mega көліктерін шығарады. Әзірше Қазақстанда бұл көліктердің қай түрлері сатыла бастайтыны белгісіз.
Көліктердің ресми түрде сатыла бастауының бірнеше жағымды жақтары бар. Ресми түрде кепілдік беріліп, мультимедиа тілдері орысша, қазақша болуы мүмкін. Сондай-ақ, бөлшектерін табу қиын болмайды.
Айта кетейік, биыл Li Auto басшылары 640 мың көлік сатуды жоспарлап отыр. Оның қаншасы Қазақстанға келетіні белгісіз.
Бұған дейін қытайлық автоалпауыттың жаңа L6 көлігін таныстырғаны туралы хабарлаған едік.