Қазақстанда Тауарлардың ұлттық каталогын енгізу мерзімі бекітілді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
2025 жылдың желтоқсанында Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы министрлігі, «Атамекен» ҰКП және «Қазақтелеком» өкілдерінің қатысуымен бизнес қауымдастықпен бірқатар кеңейтілген кездесулер өтті. Жиындарда тауарларды тіркеу, POS-терминалдармен жұмыс, ақпараттық жүйелерді интеграциялау және Ұлттық тауарлар каталогын қолдану мәселелері талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері каталогты кезең-кезеңімен енгізу жөнінде ортақ ұстанымға келіп, тиісті меморандумға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық тауарлар каталогына қатысты әкімшілік жауапкершілікке уақытша мораторий енгізіледі. Бұл кезеңде бизнес субъектілеріне шектеу қойылмайды.
Каталог талаптары 2026 жылы төмендегідей тәртіппен енгізіледі:
-
импорттаушылар мен отандық өндірушілер үшін – 1 наурызға дейін;
-
сауда желілері үшін – 1 сәуірге дейін;
-
шағын және микро бизнес, соның ішінде үй жанындағы дүкендер үшін – 1 шілдеге дейін.
Министрлік мұндай тәсіл бизнестің жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуіне және барлық нарық қатысушылары үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.





