Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Миллиардтар «бәйгесі»: ірі бизнес су тасқынымен күреске қомақты қаржы бөлуде

Миллиардтар «бәйгесі»: ірі бизнес су тасқынымен күреске қомақты қаржы бөлуде

Қазақстандық ірі кәсіпкерлер мен компаниялар Қазақстанның су басқан өңірлеріне ірі көлемде көмек қаржы аудара бастады.

Кеше бірінші болып Kaspi.kz-тің негізін салушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 20 млрд теңге бағыттады.

«Баспанасыз қалған адамдар үшін бүкіл елімізбен бірге уайымдаймыз. Мыңдаған отбасылар көшірілді, олар өз үйлеріне қашан оралатыны белгісіз. Кейбір елді мекендерде су әлі де көтеріліп жатыр. Бұл апат ешкімді бейжай қалдырмайды. Мемлекет, бизнес және біздің азаматтар зардап шеккен аймақтардағы адамдардың өмірін қалпына келтіру үшін барын салуда. Біз Мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету туралы шақыруын қолдап, су тасқынының салдарын жоюға 20 миллиард теңге бағыттаймыз», деді Вячеслав Ким.

Бұған дейін Kaspi.kz 620 млн теңге, сондай-ақ Вячеслав Ким өткен аптада Ақмола облысында 5 қабатты тұрғын үй құрылысының жобасын қаржыландырды және зардап шеккен елді мекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат бөлгенін хабарлады. Инновациялық қызметтерімен ерекшеленетін Kaspi иелері осылайша су тасқынымен күресте де бірінші болды.  

Ким мен Ломтадзенің қайырымдылық әрекеті басқа ірі кәсіпкерлерге де ой салса керек, бүгін «миллиардтар бәйгесі» басталып кетті.

Су тасқынынан зардап шеккендерге Болат Өтемұратовтың 10 млрд теңге жіберетіні туралы ақпарат тарады. Оған дейін ол 680 миллион теңге бөлген.

Оның артынша Тимур Құлыбаевтың су тасқыны салдарын жоюға 30 млрд теңге бөлгені белгілі болды. Бұған дейін оған тиеселі Халық банкі 1 млрд теңге бағыттаған еді.

Ал кешке қарай Қазақмыс, KAZ Minerals, АлтынАлмас, Қаражыра және RBK Bank компаниялар тобы үшін қосымша 40 миллиард теңге аударатынын хабарлады. Баспасөз хабарламасында нақты адамның аты аталмайды, тек компаниялардың Директорлар кеңесінің ортақ пікірі берілген. Бұған дейін миллиардер Владимир Ким, Олег Новачуктерге тиеселі Kaz Minerals Тобы мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 800 миллион, RBK Bank 150 млн теңге аударған.

Әлеуметтік желіде бұған дейінгі ірі қайырымдылық шараларда бірінші болып тек осы бизнесмендердің аттары ғана аталатынын, қалғандары неге үлес қоспайды, деп сұрған пікірлерді жиі оқуға болады. Шынымен де бұған дейін қоғамға көмек қажет тұста жоғарыда аты аталғандарды жиі байқауға болады. Олардың қатарында кейбір қайырымдылық шараларына қосылып қалатын Тимур Турлов пен Нұрлан Смағұлов бар. Бұған дейін 1 млрд теңге аударған Freedom Holding басшысы Тимур Турлов әзірше үнсіз және 500 млн теңге аударған «Астана моторстың» иесі Нұрлан Смағұлов та  бұл жолы «миллиардтар бәйгесіне» қосыла ма белгісіз.

Сонымен бірге Технодом, Сулпак сынды алпауыт желілердің иелері үнсіз. Олардың бұған дейін қаржылай көмек қосқаны туралы ақпарат жоқ. Олардан бөлек қатар басқа банктердің де иелері еш үн қатпаған. Бұған дейін тек Jusan Bank 300 млн, Центр Кредит банкі 200 млн, Еуразиялық банк 450 млн теңге аударған. Олар қосымша қаржы бөле ме, белгісіз.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға сапары барысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсетуде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударған еді.

«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің Forbes тізіміне кіретіндермен кездескен, кездеспегені белгісіз. Тек осы мәлімдемеден кейін ірі бизнесмендер жаппай қомақты қаржы аудара бастады. Бүгін кешке ірі кәсіпкерлер аударған жалпы қаражат көлемі 100 млрд теңгеге жеткені белгілі болды.

Ұқсас материалдар