Қазақстан мен Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытының (ПКОП) өндірістік қуаттылығын жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасын әзірлеуге кірісті.
Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Энергетика министрлігінің делегациясы Циндао қаласында өткен стратегиялық кеңеске қатысып, Шымкент МӨЗ-ді кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу мәселелерін талқылады. Кездесу барысында жобаны іске асырудың негізгі параметрлері бекітіліп, «ПКОП» ЖШС бастапқы деректер пакетін ұсынды. Ал Шығыс Қытай жобалау институты келісілген техникалық тапсырмаға сәйкес жұмысты бастауға дайын екенін растады.
Келіссөздердің басты нәтижесі – зауытты «6+6» сызбасы бойынша кеңейту туралы шешім. Яғни, әрқайсысының қуаттылығы 6 млн тонна болатын екі технологиялық желі іске қосылады. Бұл жаңа қуаттарды қолданыстағы өндірістік инфрақұрылыммен толық біріктіруге мүмкіндік береді.
Тараптар ТЭН-нің негізгі бөлігін белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша жобаның белсенді техникалық пысықтау кезеңіне өткенін растайтын хаттамаларға қол қойылды.
Жалпы, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын кеңейту аясында мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға дейін жететін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде.





