Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Оспанов мектебінің түлегі

Оспанов мектебінің түлегі

Адам өмірінде мамандық таңдаудың маңызы зор. Бір-біріне ұқсамайтын сан алуан кәсіптің өзіне тән қиындығы мен қызығы  қатар жүретіні тағы бар. Талайдың жұлдызын жаққанымен, өздері тасада қалып қоятын оператор дейтін қауымды өнер мен медиакеңістіктің нағыз қаһармандары деп атауымызға болар. Бала күннен осы бір айрықша өнерге ынтасы ауған алматылық Сәкен Сейфулла кино саласында табысты еңбегімен танылып жүрген дарынды жастарымыздың бірі.

Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Кино және телеарна операторы» мамандығын бітірген Сәкен, күні бүгінге дейін көптеген танымал фильмдердің түсірілім тобында еңбек етіп, халықаралық жобаларда бақ сынаған санаулы жастың бірі.

 Сәкен кино әлеміндегі алғашқы қадамын 2017 жылы  режиссер Санжар Омаровтың «Ана жүрегі» телехикаясында  жарық қоюшы ретінде бастапты.  Аталған фильмде білікті режиссер Қаршыға Оспановтың мектебінен өтіп, одан бергі 6-7 жылдың бедерінде кәсіби оператор ретінде талай ауқымды жобалардың басы-қасында болған.

«Операторлық өнер үлкен еңбекті, талмай ізденуді қажет ететін кәсіп.  Менің ұғымымда оператор-режиссермен қанаттаса жұмыс істейтін, әрбір жобаның жоғары деңгейде жарық көруіне өзіндік үлесін қосатын түсірілім тобының күретамыры. Бұл мамандықты мектепте оқып жүрген кезімнен жақсы көрдім. Кино түсіру тұтас шығармашылық ұжымның жемісі. Әрбір кинотуындыға жан беретін де ұжымдық еңбек. Болашақта халықаралық деңгейде мойындалған мықты мамандармен бір сапта жұмыс істегім келеді. Өз ісін жан-тәнімен сүйіп, үнемі білімін, танымын жетілдіріп отыратын адам үлкен жетістіктерге жетеді» -, дейді Сәкен Сейфулла. 

Сәкен түсірілім тобында еңбек еткен,  «Кебенек», «Тұншыққан сезім», «Оркестр», «Бажа», «Есіктер», «Нурдаулет и красавица», «Завод», «Роза» т.б айтулы фильмдер көрерменнен жақсы баға алған.

 Отандық жетекші телеарналардың тапсырысымен түсірілген телехикаяларда да дарынды маманның  «Фокуспуллер», «Гафер», «Екінші оператор» ретіндегі қолтаңбасы бар.

Ол екінші оператор ретінде жұмыс істеген  «Казахи против пришельцев», «Тезек», «Түпсана және жасыл нәски» туындылары үлкен сұранысқа ие болған жобалар санатында.

Өз мамандығын жан-тәнімен сүйетін Сәкен,  әлемдегі ең беделді режиссерлердің жобасында бақ сынап, танымал операторлармен бірге жұмыс істеуді мақсат еткен.

Кәсібіне адал азаматты әріптестері де мақтан тұтады. Үлкен арманға қол созған талапты жас болашақта халықаралық жобаларға қатысып, Отандық кино әлеміне өз қолтаңбаммен енсем деген тілегін білдірді.

Ұқсас материалдар