
Power International Holding компаниясы елімізбен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға ниетті. Бұл туралы Astana International Forum – 2025 аясында өткен сессиядада компанияның төрағасы - басқарушы директоры Амер Махасен мәлімдеп, бірқатар стратегиялық жобаларды таныстырды.
Power International Holding (PIH) — 19-дан астам елде жұмыс істейтін, әртараптандырылған катарлық холдинг. Компания Қазақстанда таза энергия, ақылды инфрақұрылым және тұрақты урбанистика бағыттарындағы бастамаларды қолдап, энергетикалық байланысты нығайтуға үлес қоспақ.
«Қазақстан нарығына шығу — PIH үшін тек географиялық кеңею емес. Бұл — елдің болашағына деген сенім мен тұрақты құндылық қалыптастыруға бағытталған міндеттемеміздің көрінісі. Біз инфрақұрылымға, адам капиталына және орнықты келешекке инвестиция сала отырып, өңірлік энергетикалық байланысты нығайтуға үлес қосуға дайынбыз», — дейді Амер Махасен.
PIH тобы «Самрук-Энерго» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда облысында 1 100 МВт қуаттылықтағы парогаз электр станциясын (CCGT) салу жобасын іске асыруда. Сонымен қатар, «QazaqGaz» ҰҚ» АҚ және ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп жылына 1 және 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екі зауыттың құрылысын, жаңа компрессорлық станция (КС-14) мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырының дамуын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының кеңеюін жүзеге асыруда.
Энергетикадан бөлек, PIH компаниясы телекоммуникация секторына да инвестиция салуда. Altel және Tele2 Kazakhstan операторларын сатып алу арқылы цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртып, ел бойынша интернетке тең қолжетімділік пен цифрлық инклюзивтілікті қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Компания сондай-ақ тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қарастырып, Қазақстанның ұлттық басымдықтарына жауап беретін инвестициялық серіктестікке ашық екенін жеткізді.
Анықтама үшін:
Power International Holding (PIH) — энергетика, құрылыс, телекоммуникация, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік сияқты салаларда жұмыс істейтін үздік катарлық конгломерат. Қазақстандағы қызметін UCC Holding еншілес құрылымы арқылы жүзеге асырады.