Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Әкімнің айтуынша, 2024 жылы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға өсіп, бюджетке 6,6 трлн теңге салық пен міндетті төлемдер түскен.
Президентке қаланы көпорталықты дамытуға бағытталған жаңа бастамалар таныстырылды. Бұл жобалар аясында IT-инфрақұрылым, іскерлік кешендер және тұрғындарға арналған заманауи демалыс аймақтары қалыптастырылады.
Сондай-ақ Алматыда қоғамдық көліктің жүрдек түрлерін дамыту, қаланың орнықты көлік жүйесін құру жоспарланып отыр. Бас жоспарға сәйкес, ауаның еркін айналымын сақтау, тығыз құрылысты шектеу және жасыл желек аумағын 3 800 гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Президентке 2025 жылы көшелерді жарықтандыру қуаты екі есе артқаны және қаланы абаттандырудың бірыңғай стандарты енгізілетіні баяндалды.
Бұдан бөлек, Алматы тау кластері жобасы таныстырылды. «Медеу» арқылы «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағайды» біріктіретін жоба іске асса, аспалы жолдар саны 62-ге дейін өсіп, тау шаңғысы трассалары 250 шақырымнан асады. Демалыс аймақтары тәулігіне 40 мың адамға дейін қабылдай алады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Алматы экономикасын әртараптандыру, экологияны жақсарту, көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.





