Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Президент Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айымен құттықтады

Президент Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп  хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі. 

Президент өз құттықтауында Рамазан айының күллі мұсылман қауымы үшін рухани тазару мен жанашырлықтың, мейірім мен қайырымдылықтың кезеңі екенін атап өтті.

Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл.  Ораза азаматтарды шыдамдылық пен төзімділікке шақырып, халқымыздың бойына қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сынды асыл қасиеттерді сіңіреді, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы қазіргі күрделі халықаралық ахуал жағдайында Рамазанның рухани мәнін терең түсініп, оның түпкі мағынасын кемел сана арқылы қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістердің, түбегейлі жаңғырудың тарихи кезеңіне қадам басты. Жаңа халықтық Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды. Бұл өрлеу және әділеттілік даңғылына түскен мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын Негізгі Заң болмақ. Бас құжат мыңдаған жыл тарихы бар мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтуға, еліміздегі саяси, азаматтық, экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіріп, күшейтуге жол ашады, – деп атап өтті Президент.

Сонымен қатар құттықтауда дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарды сақтай отырып, Құқық пен Заң үстемдігі, Тәртіп пен Тазалық, Әділдік пен Отаншылдық қағидаттарына негізделген жаңа ұлттық болмыс қалыптастыру міндеті атап өтілді. Бұл ұстанымдар Рамазан айының рухани тағылымымен үндес екені айтылды.

Мемлекет басшысы барша мұсылман жамағатына амандық, береке және игілік тілеп, қасиетті айдың құтты болуын тіледі.

Ұқсас материалдар