Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлік көрсеткен майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне тағзым етті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президенттің айтуынша, соғыс жылдары миллиондаған қазақстандық майданда жанқиярлықпен шайқасып, тылда аянбай еңбек етіп, армияны қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Жүзден астам жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанса, бес жүзге жуық азамат Батыр атағын алған.
Мемлекет басшысы аға буынның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, елде майдангерлер құрметіне мемориалдар салынып, кітаптар мен фильмдер жарық көріп жатыр. Сондай-ақ батырлардың есімі көшелерге, мектептерге, музейлерге және әскери мекемелерге берілуде.
Президент Жеңіс күнін тек мереке емес, ел тарихындағы ауыр кезеңді еске алып, бейбіт өмірдің қадірін түсінетін маңызды күн ретінде сипаттады.
«Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституция негізінде Әділетті Қазақстан құрып жатқанын айтып, елдегі барлық азаматтың құқығы тең қорғалатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған іс-шараларға қатысатыны хабарланған еді.





