
Қазақстан Республикасының Президенті Жарлыққа қол қойып, Жоғары аудиторлық палата туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Құжатқа сәйкес, енді Жоғары аудиторлық палатаға сотқа талап қою құқығы берілді. Бұл құқық бюджетке өтемақы өндіруді, тауарлар жеткізу мен қызмет көрсетуді қалпына келтіруді, сондай-ақ анықталған құқық бұзушылықтар бойынша сомаларды азайту мен нұсқамаларды орындатуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Палата республикалық бюджеттің жобасын негізгі шығыс бағыттары бойынша алдын ала бағалау құзыретіне ие болды. Президенттің «Республикалық бюджетті алдын ала бағалау қағидаларын бекіту туралы» Жарлығына да өзгерістер енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджетінің жобалары ревизиялық комиссия тарапынан алдын ала бағаланып, оның қорытындысы жергілікті атқарушы органдарға және мәслихаттарға жолданады. Қажет болған жағдайда комиссия бюджет бағдарламалары әкімшілерінен қосымша құжаттар мен ақпарат сұрата алады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті органдар ұсыныстарды орындау бойынша қабылданған шаралар туралы есепті бюджет бекітілгеннен кейін 30 жұмыс күні ішінде ревизиялық комиссияға ұсынуы тиіс.