Ақтөбе облысында шекарашылар майнинг жабдықтарын заңсыз өткізбек болған жүргізушіні ұстады. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шекарашылар Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» автомобиль өткізу пункті арқылы Қазақстаннан Ресейге шығатын жерде «DAF» маркалы автокөлігін ұстады.
Көлік құралын толық тексеру кезінде ҚР-дан ілеспе құжаттары жоқ саны 813 қорап пен арнайы кабельдері бар «Avalon» майнингке арналған құрылғы табылды.
«Алдын ала бағалау бойынша ұсталған жүктің құны – шамамен 80 млн теңге. Барлық техника процессуалдық шешімдер қабылдау үшін Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды", - делінген хабарламада.