Батыс өңірге Қонаев қаласында орналасқан Қарулы күштердің инженерлік техникасы жіберілді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Теміржол арқылы аттандырылған құрамда понтондық-көпір паркінің құралдары бар автокөліктер, қалқымалы транспортер, байланыс құралдары және қосалқы мүлік тиелген. Сондай-ақ, паром өткелін салуға 15 әскери қызметші жіберілді.
Қонаев гарнизоны 58012 әскери бөлімінің күш-құралдарымен су тасқыны кезеңінде бейбіт тұрғындарды, техниканы, материалдық құралдар мен жануарларды тасымалдау үшін 60 тонналық паромдық өткел салынатын болады.
Әскери қызметшілер су тасқыны болған аймақтарда басқа да жұмыстарды жүзеге асыруда. Мысалы, өтінімдер түскен кезде Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары Ақтөбе облысында халықты эвакуациялауды жүзеге асырады.
«Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Кертінді ауылы маңындағы Құндыз өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жалғастыруда. Ол маңайға 1200 қап құм төселді.
Нұра ауданының Нұра, Мыңбаев, Егінді және Көбетай елді мекендерінде су тасқынына қарсы іс-шараларға 44803 және 55524 әскери бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Алты техника бөлінді, 4400 қап құм қапталды. Каналдарды қардан тазарту жұмыстары әлі жалғасуда, жеке құрылыстарға жайылған қарғын суды сору жұмыстары жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 02352 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Боран және Жиделі ауылдары арасындағы жол қатынасын қалпына келтіріп, көпір орнатты.
Атырау облысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 41433 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Құлсары қаласының маңындағы Ақкиізтоғай ауылында бөгетті күшейту жұмыстарын жүргізді. Жем өзенінің жағасын нығайту үшін 2000 қап құм төселген.
Батыс Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы Бәйтерек ауданының Махамбет және Павлово елді мекендеріндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға атсалысуда. Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері Қызылжар ауданы Тепличное ауылының учаскелері мен аумағын су тасқынынан қорғау үшін құм салынған қаптарды дайындап, төсеуде.
Ақмола облысында Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің әскери қызметшілері мен кадеттері Бурабай ауданы, Атамекен ауылында құм толтырылған 200 қап дайындады.
Осы 27 наурыз бен 3 сәуір аралығында іс-шараларға барлығы 1 249 әскери қызметші, 63 бірлік техника, 10 тікұшақ және 2 әскери авиация ұшағы жұмылдырылды. Тікұшақ 242 рейс жасады, 43 тоннаға жуық жүк тасымалданды. 28 мыңнан астам құм салынған қаптарды дайындап, оларды төсеу жұмыстары жүргізілді.