Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тоқаев Сингапурлық компания басшысымен Алатау қаласын дамыту туралы талқылады

Тоқаев Сингапурлық компания басшысымен Алатау қаласын дамыту туралы талқылады
Мемлекет басшысы Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде Alatau City жобасын жүзеге асыру перспективасы талқыланды, деп хабарлады баспасөз қызметі. 

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вонг Хэн Файн шетелдің инвестициясын, технологиясын және білім әлеуетін тарта отырып, Алатау қаласын тиімді дамыту жөнінде егжей-тегжейлі пікір алмасты.

Президент сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданғанын айтты.

Мемлекет басшысы осы тектес жобаларды жүзеге асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондықтан оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, облыстық маңызы бар Алатау қаласы қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған. Үкімет Алатау қаласының Бас жоспарын бекітіп, Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының шекарасын өзгертті. Қаланың бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп жасалған.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «G4 City» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағын 30 мыңнан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту және «G4 City» АЭА атауын «Алатау» АЭА деп өзгерту туралы шешімді мақұлдаған еді.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметінен

Ұқсас материалдар