Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамалар нақты жүзеге асуда – Ерлан Қарин

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамалар нақты жүзеге асуда – Ерлан Қарин

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамалар жүзеге асуда. Бұл туралы Астанада БАҚ өкілдерімен кездескен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты.

«Кез-келген өзекті мәселенің заңдық негізі болуы керек. Депутаттар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы сөзінен кейін маңызды мәселелерге қатысты заң жобаларына өзгеріс енгізуге  бастамашылық етті. Қазіргі таңда  9 заң жобасы қаралуда. Оның үшеуіне «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі түзетулер», «Шегуге келмейтін темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу жөніндегі түзетулер», «Мемлекеттік наградалар туралы түзетулер» туралы заң жобаларына Президент сәуір айында қол қойды. «Ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудомания мәселелері жөніндегі түзетулер», «Есірткі өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін саралау жөніндегі түзетулер» туралы заң жобасы Мәжілістегі бірінші оқылымда мақұлданды», деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қариннің айтуынша тағы 4 заң жобасы «Вандализм және табиғи объектілерді қорғау жөніндегі түзетулер», «Ономастика мәселелері туралы түзетулер», «Нышандарды бірыңғай стандартқа келтіру жөніндегі түзетулер», «Археология саласындағы түзетулер» талқылауда.

«Бұл заң жобалары жыл соңына дейін қабылданады деп үміттенеміз. Алайда қызу талқыға түсіп, өте көп пікірлер айтылып жатқан заң жобалары бар. Мысалы, «Есірткі өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігі туралы» жобада жасөспірімдерге қатысты өте үлкен мәселе бар. Интернеттегі хабарландыру бойынша жұмыс іздеген жастар есірткі таратушылардың торына ілініп қалуда. Олардың кейбірі тіпті ескірткі таратуға қатысы барын да білмейді. Кейін ұсталып, өміріне балта шабылады. Алайда мұның екінші жағы – заң бұзып, қылмыс жасап отыр. Заң жобасын талқылау барысында мұндай жасөспірімдерге жеңілдік беру керегін айтса, екінші тарап, мұның салдары ауыр болатынын айтады. Мұндай жағдайда талқылау ұзақ, қызу болады. Сондықтан кейбір заңдарды қабылдау созылуы да мүмкін», дейді Мемлекеттік кеңесші.

Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті мәселенің барлығы қоғамды жақсы жаққа өзгертуге бағытталғаны анық.

«Бұл ауқымды өзгерістерді қоғам қазірдің өзінде сезуде. Құқықтық негізі қабылданғаннан кейін, анық байқалады», дейді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің қатарында «Қазақстан тарихы: ежелгі заманнан бүгінге дейін» атты 7 томдық академиялық басылым әзірленіп жатқанын атап өтті. Жаңа көптомдықты әзірлеу туралы бастама Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтерілген еді.

«Жобаға 5 ғылыми институт пен еліміздің 250-ден астам, шетелдің 60-тан астам тарихшы ғалымы жұмылдырылды. 40-тан астам археологиялық зерттеу материалдары мен тарих, археология, этнография бағытындағы 300-ге жуық басылым енеді. Көптомдықты дайындау барысында халықаралық форумдарда, ғылыми конференцияларда, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарларда секциялар өткізілді. Осы шаралардың аясында ғылыми зерттеулердің нәтижелері тексеріліп, ғалымдардан, сарапшылар мен мамандардан ұсыныстар алынды», деді Ерлан Қарин. 

Ұқсас материалдар