Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Жастар қазақша медиаконтенттің негізгі тұтынушысына айналып келе жатыр – зерттеу

Жастар қазақша медиаконтенттің негізгі тұтынушысына айналып келе жатыр – зерттеу

Қазақтілді аудиторияның сапалы және түрлі сипаттағы медиа контентке деген сұранысы артып келеді, алайда медиа мұндай сұранысты тұрақты түрде қанағаттандыра алмай отыр. Бұл туралы Kursiv.Media тапсырысы бойынша URTG компаниясы жүргізген зерттеуде айтылды. 

Қазақтілді медиаконтент тұтынушылар аудиториясына қатысты зерттеуді бүгін Алматыда өткен Медиа құрылтайда KURSIV.MEDIA қазақ редакциясының шеф-редакторы Риза Иса мен KURSIV.MEDIA-ның PR-директоры  Димаш Зиядин таныстырды. 

Қазақтілді аудиторияның портреті

Қазақтілді аудитория – түрлі сипаттағы және көпқырлы топ, дегенмен оның бірнеше негізгі көрсеткішін атап өтуге болады. Сауалнамаға қатысқан аудиторияның көп бөлігін әйелдер құрайды (64,8%), ал негізгі тұрғылықты жері – қалалық аймақтар (84%).

 

Зерттеу аудиториясының басым бөлігі – 16 мен 44 жас аралығындағы азаматтар, соның ішінде әсіресе жастар (16–24) қазақ тіліндегі жаңалықтар мен іскерлік контенттің негізгі тұтынушысына айналып отыр. Қызықты дерек: қазақша контент тұтынушылардың айтарлықтай үлесін декреттегі әйелдер (15,7%) құрайды екен.

Мамандық жағынан сауалнамаға жауап берген аудиторияның үштен бірі – жалдамалы жұмысшылар (31,7%), негізінен білім және ғылым (19,6%), сауда және қызмет көрсету салаларында (14,4%) жұмыс істейді. Сонымен қатар, білім алушылардың да үлесі жоғары (18,1%).

Аудитория қазақша контентті қалай тұтынады?

Қазақтілді қолданушылардың қызығушылығын тудыратын негізгі тақырыптар күнделікті өмір саласымен байланысты: денсаулық пен сұлулық (38,1%), аспаздық (30,3%), психология мен қарым-қатынас (27,2%), саяхат (26,2%). Дегенмен, аудиторияның қызығушылығы тұрмыстық мәселелермен шектелмейді. Kursiv.Media зерттеуіне қатысушылар экономика, медицина және заманауи технологиялар сияқты маңызды бағыттардағы контенттің жетіспеушілігін де атап өтті.

Қазақтілді аудитория ақпаратты көбіне әлеуметтік желілердегі топтар мен қауымдастықтардан (негізінен Instagram-дағы жаңалық арналарынан), сондай-ақ YouTube, іздеу жүйелері, мессенджерлердегі қауымдастықтар және интернет-басылымдардан алады. Респонденттердің пікірінше, дәл осы платформаларда, яғни Instagram, YouTube, Telegram-да қазақ тіліндегі материалдар аз.

Медиа арналарын таңдауда жас ерекшелігіне байланысты айырмашылық та бар. Мысалы, жас ұлғайған сайын респонденттер мессенджер топтарын (61 жастан асқан аудитория WhatsApp-ты жиі пайдаланылады), интернет-басылымдарды, теледидарды көбірек таңдайды, сондай-ақ ақпаратты туыс-таныстарынан және әріптестерінен білгенді жөн көреді. Ал жастар үшін (16–24) TikTok күнделікті пайдаланылатын ең танымал әлеуметтік желі болып қалып отыр. Бір қызығы, орта жастағы респонденттердей емес, 60+ егде жастағы аудитория да TikTok-ты пайдаланады, бірақ жастарға қарағанда сиректеу қолданады екен.

Kursiv.Media зерттеуіне қатысқан сарапшылар қысқа бейнеролик форматының (Tik Tok, Reels, Shorts) қарқынды дамитынын айтты және қазақша подкастар кең таралады деп болжам білдірді.

Қазақша контентті тұтынудағы кедергілер мен драйверлер

Сауалнамаға қатысқандардың 43,9%-ы сұхбаттас адам қазақша түсінбейтіндіктен қазақ тілін пайдаланбайтынын атап өтті. Ал 33,3%-ы қазақ тіліне аударылған күрделі техникалық ұғымдарды түсінбейтіндіктен басқа тілге көшетінін айтты. Жауаптардың төрттен бір бөлігі контенттің қазақ тіліне тым әдеби түрде және тура аударылатынына тоқталды.

Респонденттерге қазақ тілін қолдану ыңғайсыздық тудыратын ең жиі кездесетін жағдайлар – салалық тақырыптағы мәтіндер оқу (21,7%), фильмдер мен сериалдар көру (21,6%), бейнероликтерді онлайн көру (7,2%).

Сарапшылар қазақша контентке қол жеткізудегі негізгі кедергілер мен қиындықтар қатарында мұндай контенттің жалпы сапасының төмендігін, салалық тақырыптардың жоқтығын (экономика, қаржы, медицина, т.б.) және БАҚ-тың, мемлекеттің және мемлекеттік органдардың орысша контентке басымдық беруін атап өтті.

Дегенмен, Kursiv.Media зерттеуі респонденттерінің 34,6%-ы қазақ тіліндегі іскери басылымдарды таңдау себебін қазақ тіліндегі медианы қолдау маңызды деген пікірмен түсіндірді. Респонденттердің үштен бірі (30%) қазақша материалдарды оқу өзіне оңайырақ екенін атап өтті, себебі бұл тілді басқа тілге қарағанда жақсырақ біледі. Ақпаратты басқа емес, дәл осы қазақ тілінде қабылдаудың маңызды екенін сауалнамаға қатысушылардың 28,3%-ы атады.

Фокус-топқа қатысушылар қазақ тілі таралуын бақылауға мүмкіндік беретін негізгі көрсеткіштер ретінде қазақ тіліндегі білімнің артуы, қазақ тілінде сөйлейтін және баласын қазақша ортада тәрбиелегісі келетін отбасылардың көбеюін атап өтті. Сонымен қатар жалпы мәдениет пен маркетинг те қазақша сөйлейтін аудиторияға жиірек бейімделе бастаған, мұны әлеуметтік желілер мен медиадағы қазақ тіліндегі контенттің артуы да көрсетіп отыр.

Kursiv.Media сарапшылары бұл пікірмен келіседі. Олардың айтуынша, қазақша контентті тұтынудың негізгі драйвері – қазақ тілінің жаппай жалпы тарала бастауы: адамдар осы тілде ойлайды, сөйлеседі, оны ана тілім және ең түсінікті тіл деп қабылдайды. Қазақтілді аудиторияны кеңейтудің негізгі әдісі — түрлі бағыттағы сапалы контент жасау. Оның ішінде балаларға арналған материалдар, білім туралы ақпарат, кинематографияның дамуы да бар.

Қазақтілді аудиторияны зерттеу әдістемесі

Медианың қазақтілді аудиториясын зерттеу аясында мәлімет жинаудың үш түрлі әдісін қолданған кешенді тәсіл қолданылды. Бұл мүмкіндігінше терең талдау жүргізіп, тақырыпты жан-жақты зерттеуге мүмкіндік берді.

Жекелей алғанда, халық арасында жаппай онлайн сауалнама жүргізілді (Қазақстанның барлық өңіріндегі қазақ тілін білетін 1600-ден астам адам), фокус-топ пікірталастары өтті және сарапшылардан сұхбат алынды. 

Анықтама:  Kursiv.Media — экономикалық тақырыптарда, сонымен қатар Орталық Азия елдеріндегі, Ресейдегі, Қытайдағы нарықтар мен бизнеске шолу жасау мен талдауда терең аналитикаға баса назар аудара отырып ақпарат тарататын іскери медиа. 

United Research Technologies Group – әлеуметтік және маркетинг зерттеулер жүргізетін қазақстандық компания. Ұйымның басты қағидаты – қандай да бір тақырыпты зерттеуде қолда бар технологиялар мен әдістердің бәрін пайдалана отырып жан-жақты және кешенді түрде талдау жүргізу.

 

Ұқсас материалдар