Қазақстанда азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатын емделуге пайдалану мүмкіндігі алдағы алты айға уақытша тоқтатылды.
Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы уақытта радиохирургиялық қызметке қатысты өтінімдер саны күрт артқан. Бұрын айына онға жуық өтініш түссе, биыл қаңтар айында олардың саны жеті мыңға дейін жеткен.
Тексеру барысында бірқатар медициналық ұйымдарда қажетті құрал-жабдық пен білікті мамандардың жоқ екені анықталған. Сонымен қатар көрсетілген мекенжайда мүлде тіркелмеген клиниканың да бар екені белгілі болды.
Қазіргі таңда заңсыз әрекеттердің алдын алу және жүйедегі олқылықтарды жою бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.





