Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Тиісті түзетулер Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басшысының міндетін атқарушы 2026 жылғы 13 қаңтарда бекіткен бұйрығымен рәсімделді.
Жаңартылған қағидаларға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы шот ашылғаннан кейін азамат тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін алу мақсатында электрондық өтініш береді. Өтініште арнайы шоттың нөмірі, қаражатты пайдалану мақсаты және қолжетімді сома көрсетілуі тиіс. Құжат өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.
Бұған дейін өтініште жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдерін көрсету міндетті болған. Енді бұл талап алып тасталды.
Қағидаларға сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан аумағында мынадай мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі:
-
тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық қарыздың негізгі қарызын ішінара немесе толық өтеу (жөндеу жұмыстарын жүргізуді қоса алғанда);
-
жеке тұрғын үй салу, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына немесе жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер телімін сатып алу.
Аталған қарыздар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы алынуы тиіс.
Сонымен қатар, біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайына және (немесе) жақын туыстарына беруге рұқсат етіледі. Алайда бұл құқықтарды үшінші тұлғаларға қайта беруге тыйым салынады.
Түзетулер тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы төлемдерді пайдалану тәртібіне де өзгеріс енгізді. Белгіленген мерзімде растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, біржолғы зейнетақы төлемдерінің қаражаты өтініш берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) шотына қайтарылады.
Бұдан бөлек, жаңа нормаға сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемі қате түрде БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, уәкілетті оператор өтініш берушінің келісімін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. Ал БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде қаражатты уәкілетті операторға қайта аударады.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал жекелеген нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген.





