Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

1 мамырдан бастап Қазақстанда криптонарық жаңа ережемен жұмыс істейді

1 мамырдан бастап Қазақстанда криптонарық жаңа ережемен жұмыс істейді

2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстан цифрлық активтер нарығын реттеудің жаңа кезеңі басталады.

Бұл өзгерістер криптоиндустрияны заңдастырып, нарықтағы қатысушыларға нақты талаптар енгізуді көздейді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, криптобиржалар мен криптоайырбастау пункттері тек лицензия немесе тіркеуден өткеннен кейін ғана қызмет көрсете алады. Реттеу талаптарын Қазақстан Ұлттық Банкі айқындайды.

Қаржы реттеушісінің мәліметінше, енгізіліп отырған нормалар цифрлық қаржы активтерін ресми түрде инвестициялық құрал ретінде құқықтық алаңға шығарады. Бұл бағытта стейблкоиндер, токендендірілген активтер және өзге де цифрлық қаржы құралдары қолданысқа кеңірек ене бастайды.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістер активтерді цифрландыруға, олардың өтімділігін арттыруға және бизнес үшін жаңа қаржыландыру мүмкіндіктерін ашуға жол береді. Сонымен қатар транзакциялық шығындарды азайтып, есеп айырысу процестерін жеделдетуге ықпал етеді.

Жаңа заңнамалық түзетулер банктердің де мүмкіндігін кеңейтеді. Енді қаржы ұйымдары цифрлық активтер шығарып, оларға инвестиция салып, сондай-ақ криптобиржалар мен арнайы платформалардың капиталына қатыса алады.

Ұлттық Банк халықаралық тәжірибені ескеру үшін шетелдік реттеушілермен бірлескен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл Қазақстанның цифрлық қаржы нарығындағы тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, цифрлық теңге цифрлық активтер қатарына жатпайды. Ол ұлттық валютаның үшінші нысаны ретінде қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаны толықтыратын төлем құралы болып қала береді.

Ұқсас материалдар