Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Агенттік банктерді корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіре түспек

Агенттік банктерді корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіре түспек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіруге және қаржы жүйесінің орнықтылығын арттыруға бағытталған бастамалар кешенін әзірледі.

Жаңа ережелер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген банктер және банк қызметі туралы жаңа заң жобасында көрсетілді. Негізгі мақсат – корпоративтік басқару сапасын арттыру есебінен банк секторының қаржылық тұрақтылығын нығайту.

Негізгі шаралар қатарында – «тәуекелдер», «ішкі аудит» және «комплаенс» блоктарының басшыларына қойылатын талаптарды белгілеу. Жаңа ереже стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде менеджменттің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді және бұл бірқатар реттеушілік нормаларды ырықтандыру жағдайында әсіресе маңызды болады. Талаптардың ішінде - жоғары білімнің болуы, тиісті кәсіби тәжірибе, мінсіз іскерлік бедел, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен соттылықтардың болмауы. Бұл ретте Агенттік жұмысқа қабылдау кезінде аталған қызметкерлерді міндетті түрде келісуді көздемейді, бұл әкімшілік жүктемені ұлғайтпай, басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, банктердің орнықтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын тәуелсіз директорлар институтын дамыту ұсынылады. Тәуелсіз директорлар жекелеген акционерлердің ықпал ету тәуекелдерін барынша азайта отырып, барлық тарап мүдделерінің тепе-тең болуына, басқарушылық шешімдер қабылдаудың объективті және ашық өтуіне ықпал етеді. Олардың қатысуы банк пен оның клиенттерінің мүдделеріне бағытталған дұрыс, ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтады.

Дәлелді пайымдауды кеңінен қолдану реттеушіге басқарудың орнықтылығы мен сапасына ықпал ететін факторларды дәлме-діл бағалау құралын береді. Нақты тәсіл артық әмбебап талаптарды болдырмауға, қадағалаудың объективтілігін арттыруға және орынды реттеу жүктемесін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ашықтықты арттыру үшін дәлелді пайымдауды қолдану жағдайлары туралы ақпаратты жария ету практикасы енгізілуде.

Сонымен қатар, Агенттік халықаралық стандарттарды ескере отырып, банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғаларды айқындау өлшемшарттарын нақтылауды ұсынды. Аталған шара негізсіз жеңілдіктер берудің алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жаңа талаптар стрестік активтерді басқару ұйымдарына (САБҰ) да әсер етеді. Өндіріп алынған мүліктің баланста болу мерзімін қысқарту және талап ету құқығын басқаға беруді шектеу сияқты ұсынылып отырған шаралар активтердің экономикаға қайтарылуын жеделдетуге және олармен операциялардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер банк жүйесінің орнықтылығын нығайтуға, жүйелік тәуекелдерді азайтуға және барынша тұрақты, ашық және тиімді қаржылық орта құра отырып, тұтынушылардың мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар