Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда қоқысты электр энергиясына айналдыратын зауыт салынады

Алматыда қоқысты электр энергиясына айналдыратын зауыт салынады

Алматы қаласында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, электр энергиясын өндіретін ірі зауыттың құрылысы басталады.

Инвестициялық жобаны Қытайдың Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясы жүзеге асырады.

Жоба мәселесі бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов компания директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесті. Тараптар бұған дейін қол қойылған инвестициялық келісім аясындағы жұмыстардың барысын талқылады.

Мәліметке сәйкес, жобаға салынатын инвестиция көлемі 145,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 29 мамырда басталып, зауыт екі жыл ішінде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдық өңдеп, 60 мегаватқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба аясында заманауи waste-to-energy технологиясы енгізіліп, қоқысты қайта өңдеу арқылы энергия алу көзделген.

Үкімет басшысы жобаның экологиялық маңызына ерекше тоқталып, жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау басым бағыттардың бірі ретінде айқындалғанын айтты.

«Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Hunan компаниясының Қазақстан нарығына келуін құптаймыз және бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Олжас Бектенов.

Жобаны іске асыру нәтижесінде жыл сайын шамамен 200 мың тонна көмірқышқыл газының шығарындысы азайып, полигондарға түсетін қалдық көлемі 800 мың текше метрге дейін қысқарады деп күтілуде.

Сонымен қатар зауыт құрылысы кезінде кемінде 700 уақытша жұмыс орны ашылады. Ал кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жоба аясында электр және жылу энергиясын өндіретін үш «жасыл» орталық, цифрлық шешімдерді қолдайтын инфрақұрылым, сондай-ақ жергілікті мамандарды даярлау және технологияларды локализациялау бағытындағы өндірістік базалар құрылмақ.

Ұқсас материалдар