Қыс мезгілінде физикалық белсенділік ағзамыздың нығаюына, тұмауға қарсы тұруға көмектеседі. Танымал қысқы спорт ойындардың бірі - коньки. Коньки тебу тек спорттың бір түрі емес, көңілді уақыт өткізудің де таптырмас құралы. Сонымен, Алматыда қай жерлерде коньки тебуге болады және оның құны қанша? 7kun.kz жауап іздеп көрді.
Медеу
“Медеу” мұз айдыны теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан. Қаладағы ең үлкен мұз айдыны саналатын “Медеу” 10 000 шаршы метр жерді алып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні мұз айдыны жабық болады, қалған күндері кіру құны ересектерге 1800 теңге, жастарға (13-23 жас) 800 теңге, 7-12 жастағы балаларға 400 теңге. 7 жасқа дейінгі балалар мен зейнеткерлерге кіру тегін.
Егер өзіңіздің конькиіңіз болмаса жалға алу құны 33 өлшемге дейін 500 теңге, қалғандарына 1000 теңге. Естеріңізге сала кетейік, Chocolife.me көмегімен “Медеуге” 30 пайыз жеңілдікпен кіруге болады.
Mega Ice
Mega Almaty ойын-сауық орталығындағы жабық мұз айдын алматылық тұрғындар үшін таныс шығар. Бұл жерде көркем гимнастикадан, мәнерлеп сырғанаудан, сондай-ақ хоккейден түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Алайда, кіру және конькиді жалға алу құны мұнда қымбаттау. Жарты сағат сырғанау конькиді жалға алумен бірге 1100 теңгені, ал бір сағаты 1600 теңгені құрайды. Егер өз конькиіңізбен барсаңыз жарты сағатқа 800, 1 сағатқа 1100 теңге төлейсіз.
Almaty Arena
Универсиада кезінде халықтың игілігіне берілген “Алматы Арена” спорт кешенінде үлкен мұз айдыны бар. Мұнда кіру құны сеансқа байланысты болады. Студенттерге, оқушыларға жеңілдік билеті бар. 11:00-13:00 аралығында жеңілдікпен — 300 теңге, жеңілдіксіз — 500 теңге. 14:00-16:00 аралығында жеңілдікпен — 500 теңге, ересектерге — 1 000 теңге.
Ал 17:00-19:00 аралығында әуесқойлар арасында хоккейден турнир өтеді. Трибунада тұрып жанкүйер болам десеңіз, мұз айдынына ақысыз кіре аласыз.
Ал кешкі сеанстың бағасы сәл қымбаттау. 20:00-23:00 аралығында жеңілдікпен — 1000 теңгеге, жеңілдіксіз — 1500 теңгеге кіре аласыз.
Halyk Arena
“Халық Арена” мұз сарайы 3000 адамға арналған. Мұнда мінсіз мұз, әдемі әуен, жаңа конькилерді жалға беру қызметі бар. 11:00-13:00 аралығында балаларға кіру құны 300 теңге, студенттер мен ересектерге 500 теңге. 14:00-16:00 пен 17:00-19:00 аралығында балаларға 500, студенттерге 800, ересектерге 1000 теңге.
Балуан Шолақ
Коньки тебу үшін қаланың сыртына барудың қажеті жоқ. Орталықта орналасқан “Балуан Шолақ” спорт кешенінде де арнайы мұз айдыны бар. Мұнда ересектерге кіру құны 2000 теңге, студенттерге 1500 теңге, ал балаларға 1000 теңге. Конькиді жалға алу 500-1000 теңге аралығында.