Абу-Дабиде өткен AIFC Connect: Abu Dhabi 2025 іс-шарасы барысында Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың өсімі атап өтілді.
Қазір Қазақстанда Әмірліктердің 500-ге жуық компаниясы жұмыс істейді, ал салынған инвестициялардың жиынтық көлемі 4,3 млрд доллардан асып отыр.
Биыл БАӘ-ден Қазақстанға құйылған инвестиция 1 млрд доллардан асып, өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан. Бұл екі ел арасындағы сенімнің жоғары екенін көрсетті.
Іс-шараға Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports Group сияқты компаниялар қатысты. Талқылауларда Қазақстанның инфрақұрылымдық жобалары, қаржы нарықтарының интеграциясы, АХҚО-ның аймақтағы рөлі, финтех пен цифрлық активтердің дамуы сөз болды.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров аймақтық қаржы нарықтарын байланыстырудағы орталықтың маңызын атап өтті. Бүгінде АХҚО юрисдикциясында БАӘ-ден 49 компания жұмыс істейді.
AIX биржасы мен Nasdaq Dubai арасындағы тікелей байланыс, дирхаммен алғашқы облигациялардың орналастырылуы және Tabadul цифрлық хабына қосылу – қаржы интеграциясының нақты нәтижелері.
2018 жылдан бері АХҚО платформасы арқылы Қазақстан экономикасына 19,3 млрд доллар инвестиция тартылған. Орталықта 90-нан аса елден 4800-ге жуық компания тіркелген.





