Қазақстанда банк қызметтерін алу тәртібі күшейтіледі.
Енді ірі көлемдегі несиелерді рәсімдеу кезінде клиенттер тек бет-әлпетімен ғана емес, алақан ізі арқылы да сәйкестендіріледі.
Жаңа талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп әзірлеген. Қағида 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.
Биометриялық тексерудің күшеюі онлайн несие рәсімдеу, шот ашу және электрондық цифрлық қолтаңба алу кезінде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.
Жаңа ереже екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және төлем ұйымдарына міндетті болады.
Клиенттер келесі жағдайларда міндетті түрде биометриялық тексерістен өтеді:
– шотты қашықтан ашқанда;
– мобильді қосымшаға алғаш тіркелгенде;
– ЭЦҚ алған кезде;
– ірі сомада несие рәсімдегенде;
– деректерді жаңарту барысында.
Егер азамат бұрын несие алмаған болса және несие тарихы болмаса, 150 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 650 мың теңге) асатын қарызды тек банк бөлімшесіне барып рәсімдей алады.
Тексеру қалай жүргізіледі?
Жаңа жүйеде тек фотосурет жеткіліксіз. Арнайы Liveness Detection технологиясы арқылы адамның тірі екені тексеріледі.
Бет-әлпетті растау кезінде клиентке бірнеше әрекет орындау ұсынылады (мысалы, басын бұру, көзін жыпылықтату).
Ал алақан ізі арнайы сканер арқылы тексеріледі. Бұл құрылғы қан тамырларының орналасуын анықтап, жалған үлгілерді ажырата алады.
Егер сәйкестік деңгейі 95%-дан асса, алынған деректер Ұлттық биометриялық жүйеге енгізіледі.
Барлық ақпарат, соның ішінде бейнежазбалар мен келісімдер, клиентпен қарым-қатынас аяқталғаннан кейін де кемінде 5 жыл сақталады.
Жаңа талаптар қаржы нарығындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Биометриялық бақылаудың күшеюі алаяқтық тәуекелдерін азайтып, цифрлық қызметтердің сенімділігін арттыруы тиіс.





