Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан IT экспорты 1 млрд доллардан асты

Қазақстан IT экспорты 1 млрд доллардан асты

Қазақстанда IT саласы қарқынды өсім көрсетіп отыр. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өткен жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқанын мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ел экономикасын жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асады.

Премьер-министр IT-саланың дамуы жаһандық цифрлық бәсекеде елдің орнын айқындайтынын атап өтті. Оның сөзінше, кәсіпорындарда цифрлық технологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, еңбек қауіпсіздігі мен өндіріс тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қазақстанда өңірдегі ірі есептеу инфрақұрылымдары қалыптасып келеді. Атап айтқанда, Alem.Cloud және AL Farabium суперкомпьютерлік жүйелері жұмыс істейді. Олар әлемдік TOP-500 рейтингіне енген.

Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен бизнес тарапынан жасанды интеллект жобалары үшін есептеу қуаттарына сұраныс артып отыр. Үкімет басшысы бұл бағытта ресурстарды кеңейту және оларды тиімді бөлу саясатын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, жасанды интеллектіні дамытуға кедергі келтірмеу үшін есептеу қуаттарының жеткілікті болуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Ұқсас материалдар