
Қазақстан мұнай-газ химиясы саласында ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы әлемдік нарықта өз орнын нығайтуды көздеп отыр.
Бұл туралы Kazakhstan Energy Week аясында өткен «Мұнай-газ химиясының перспективалары: орта державалардың рөлі» атты дөңгелек үстелде мәлім болды.
ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Уркумбаев мұнай-газ химиясы ел экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Бұл – жаңа табыс көздері ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындары, экспорттық түсімдер және орнықты даму. Қазақстан үшін шикізаттық модельден терең өңдеуге көшу – стратегиялық қажеттілік», – деді ол.
Министрлік 2024–2030 жылдарға арналған мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Онда құны шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайтын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Негізгі жобалардың бірі – қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна болатын полиэтилен зауыты. Аталған кәсіпорын 2029 жылы іске қосылып, әлемдік нарықтың шамамен 1%-ын қамтиды деп күтілуде. Бұдан бөлек, бутадиен, карбамид және алкилат өндірісі бойынша да жобалар қолға алынған. Бұған дейін, 2022 жылы қуаттылығы 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты пайдалануға берілген болатын.
Саланы жүйелі дамыту мақсатында «Мұнай-газ химиясы туралы» заң жобасы дайындалуда. Құжат шикізатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді, инфрақұрылымды дамытуды және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуды көздейді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жергілікті қамтуды арттыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», «Атамекен» ҰКП, KAZENERGY, PetroCouncil, KazService және шетелдік EPC-мердігерлер енген.