Қазақстанда халал талаптарына сай бөліп төлеу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы кәсіпкер Диар Смағұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, жеке маркетплейс құру ұзақ әрі қымбат процесс болғандықтан, жоба қолданыстағы платформалармен әріптестік негізінде жүзеге асады.
«Kaspi маркетплейсті дамытуға шамамен 10 жыл жұмсады. Біз басқа жолды таңдадық – қолданыстағы маркетплейстермен коллаборация арқылы халал бөліп төлеу ұсынбақпыз. Егер жоба сәтті болса, болашақта Amazon сияқты жаһандық алаңдарға шығуға болады», – деді ол.
2026 жылдан бастап «Банктер және банк қызметі туралы» жаңартылған заң күшіне енеді. Соған сәйкес, екінші деңгейлі банктерге исламдық «терезелер» ашуға рұқсат беріледі. Яғни банктер шариғат қағидаларына сай, өсімсіз (рибасыз) қызметтер көрсете алады. Бұған дейін исламдық қаржы құралдарын пайдалану үшін бөлек банк ашу қажет болатын.
Сондай-ақ, Диар Смағұлов Zaman Bank-тің әзірге өз төлем картасы жоқ екенін, алайда банк жақында Mastercard жүйесіне қосылғанын айтты. Алдағы бірнеше айда жеке картасын шығару жоспарланып отыр.
Халал бөліп төлеу жүйесінде банк немесе дүкен тауарды алдымен өзі сатып алып, кейін клиентке үстеме пайызсыз, белгіленген бағада бөліп сатады. Бұл модельдің негізгі айырмашылығы – пайыздық табыстың (риба) болмауы. Әдетте бөліп төлеудің құны тауардың бастапқы бағасына алдын ала енгізіледі.





