Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер 99% болатын күнге жетеміз - Visa өкілі
"Қазақстан және Орталық Азиядағы төлем ландшафтының трансформациясы" тақырыбындағы сессияда қазақстандық банктердің басшылары қатысып, нарықтағы негізгі трендтерді, сын-тегеуіріндер мен жаңа мүмкіндіктерді жария етіп, Қазақстандағы финтех туралы баяндады. Айта кетейік, қазақстандық банктер цифрландыру саласында ең үздіктердің бірі.
«Біздің позициямызға келетін болсақ, клиенттер жиі «Форте» деген не мағына білдіретінін сұрайды — бұл қазақша да, орысша да сөз емес. Оның мағынасы «сен қай жағынан мықтысың, сенің күшті жағың неде» дегенді білдіреді. Біз осы позицияны ілгерілетудеміз. Егер басымдықтар туралы айтатын болсақ, басты мақсаттардың бірі — клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру. Біз барлық арналар арқылы кері байланысты өлшейміз, клиенттердің барлық "ауыртпалықтарын" шешуге тырысамыз. Мобильді қосымшаның, яғни цифрлық арналардың сапасын арттыру міндеті тұр. Біз бәрін сенімділік негізінде құрып жатырмыз, бұл біз үшін үлкен басымдық. Әр түрлі клиенттік сегменттер арасындағы тәуекелдерді бөлу маңызды. Негізгі өнімдер — карталар, депозиттер, автонесиелер толығымен цифрландырылған», дейді ForteBank басқарма төрағасы Бекжан Пірматов.
Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышевтің айтуынша барлық несиелер мен депозиттердің 90%-ы онлайн беріледі.
«Halyk Bank — бұл жеке және заңды тұлғаларға арналған екі экожүйе. 8,5 млн MAU — депозиттер мен несиелер бойынша онлайн-бизнес үлесі. Барлық несиелер мен депозиттердің 90%-ы онлайн беріледі. Бұдан әрі оны 95%-ға жеткізетін боламыз. Мемлекеттік қызметтер бойынша – қосымшаға 57 қызмет шығарылған, 9,2 миллион қызмет көрсетілген. Басты мақсат – мемлекетке қызметтерді азайтуға және клиенттерге ХҚКО-ға бармауға көмектесу. Қызметтердің 56%-ы көлік құралдарын заңдастыру кезінде көрсетілген, бұл арнайы ХҚКО-ларды жеңілдетті», деді ол.
«Фридом Банк Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұловтың айтуынша цифрландырумен қатар тұтынушылық, жеңіл несиеге де көңіл бөлу керек.
«Қазақстанда 8 миллион адам несие өнімдеріне тап болды. Адам бөлшек сауда дүкеніне келгенде, нөлдердің «магиясы» жұмыс істей бастайды, және ол тауарды ақшалай сатып алудың орнына, бөліп төлеуге алады. Адам дүкеннен ақшасын жұмсап қана қоймай, міндеттемелермен шығады. Жас ерекшелігіне қарай қарасақ, орташа есеппен 18-23 жас аралығында NPL (уақытылы төленбеген несиелер) динамикасы өсуде. Бұл неге байланысты? Егер 18 жастағы жас жігіт тұрақты жұмысқа ие болмаса да, ол «оң» тәжірибе жинап, тауарды бөліп төлеуге немесе несиеге алады. 25 жасқа келгенде автонесие алғысы келеді, оны да рәсімдейді. Бірақ 30 жасқа келгенде ипотека рәсімдеу мүмкіндігі болмай қалады. Біз «7-20-25» бағдарламасының белсенді операторларымыз және 35 жасқа дейінгі клиенттердің 80%-дан астамы тұтынушылық несиелермен бетпе-бет келгенін және оларға бізден бас тартулар берілетінін көріп отырмыз. Бұл қаржылық сауаттылыққа да байланысты. Егер біз белгілі бір алшақтықты сақтайтын болсақ, тұтынушылық несиелердің үлесі азаяды. Әйтпесе, тепе-теңсіздік адамдардың жас кезінен бастап несие алуды бастайтынына, бірақ уақыт өте келе ірі сатып алуларды рәсімдей алмайтынына әкеледі», дейді Жұмағұлов.
Евразиялық банк басқарма төрайымы Ляззат Сатиеваның айтуынша банк цифрландырумен қатар банк қайырымдылыққа көп көңіл бөледі.
«Біз тұтынушылардың әрекеттері үшін жауаптымыз. Spectrum Dimond Club картасын жасаған кезде, премиум-сегментті ескердік — бұл үлкен сатып алуларға мүмкіндігі бар және қоғам үшін белгілі бір істерді жасауға дайын адамдар. Мұны ескере отырып, біз клиенттің әрбір транзакциясынан алынатын 1% кэшбектің бір бөлігі "Балаларға өмір сыйла" қорына аударылатын өнім жасадық. Жыл сайын осы өнімнің арқасында қаншама баланың өмір жолына қадам басып жатқанын көреміз. Өткен жылы Қазақстанда жасалмайтын оталарды 19 балаға жасап бердік. Бұл біз алдағы уақытта да жалғастыратын ісіміз», дейді банк төрағасы.
Қазақстандық банк басшыларының цифрландыруға қатысты пікірін тыңдаған сессия модераторы, Visa-ның Орталық Азиядағы бизнес дамуы департаментінің аға директоры Антон Бороздин «менің ойымша, бүгін елдің қаржы институттары ұсынған жобалармен біз Қазақстан экономикасындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің 99%-на жетеміз», деді.
Ұлттық банк дерегінше 2024 жылдың алғашқы 6 айында интернет пен мобильді банкинг арқылы қазақстандықтар жасаған операциялардың үлесі қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы көлемінде 90%-ға жетті. Бұл тәсілмен күн сайын 359,9 млрд теңгеден көп сомаға 26,3 млн-нан астам операция жүргізіледі.
QR-код арқылы төлем жасауға да сұраныс артып келеді. 2024 жылғы І жартыжылдықта 7,3 трлн теңгеге 1,5 млрд операция жүргізілді.
Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығында өтіп жатқан (АХҚО) жыл сайынғы «Astana Finance Days» (AFD) қаржы конференциясы 2018 жылдан бері қаржы саласының жетекші сарапшыларын, Еуразия өңірінің инвесторлары мен бизнес-көшбасшыларын біріктіретін басты платформа ретінде қызмет етіп келеді. Жыл сайын 70-тен астам елден 3000-нан астам адам осы маңызды оқиғаға қатысады.
Конференцияның алтын серіктестері – Visa, Freedom Broker, KAZ Minerals тобы, күміс серіктестер – Solidcore Resources, Eurasian Bank, MYD Production. Қола серіктестер – Eurasian Resources Group (ERG), Allur, Bitfinex Securities және ITS. Финтех-серіктес – Mastercard.