
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы аясында төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа жүйесін таныстырды.
Осы мақсатта агенттік Ұлттық Банкпен, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен, екінші деңгейдегі банктермен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп дөңгелек үстел өткізді.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымовтың айтуынша, жаңа заң жобасы халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген және елдің қаржы нарығының ерекшеліктерін ескере отырып, банктерді ерте кезеңде тұрақтандыруға мүмкіндік беретін құралдарды қарастырады.
«Банкті қалпына келтірудің негізгі ауыртпалығы акционерлерге жүктеледі. Бұл әділ әрі тұрақты модель қалыптастырады. Егер көрсеткіштер нашарлай бастаса, реттеуші орган банкпен алдын ала жұмыс істеп, оны қиындықтан шығаруға ықпал етеді», – деді Т. Әбілқасымов.
Жаңа жүйе үш деңгейлі дағдарысқа қарсы архитектураны қамтиды. Ең алдымен, банктің акционерлері мен басшылығы қаржылық орнықтылықты сақтау үшін өз бетінше әрекет етуге міндеттеледі. Ал егер банк бұл міндеттемелерді орындай алмаса, реттеуші орган арнайы тетіктерді іске қосады.
Агенттік төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев өз сөзінде жүйелік маңызы бар банктерге арналған TLAC (Total Loss Absorbing Capacity) тетігін енгізу ұсынылып отырғанын айтты. Бұл банктің өз капиталы мен борыштық міндеттемелерінің жеткілікті болуы тиіс екенін білдіреді. Яғни, банктің күйреуі кезінде бюджет қаражаты емес, шығынды алдымен акционерлер мен инвесторлар өтейді.
«Жаңа жүйе мемлекеттік көмекті автоматты немесе саяси негізде беруді толығымен болдырмайды. Бұл реформа банк иелерінің жауапкершілігін арттырып, салық төлеушілер мен салымшылардың мүдделерін қорғайды», – деді Д. Сәлімбаев.
Бұдан бөлек, заң жобасында NCWO (No Creditor Worse Off) қағидаты енгізіледі. Бұл – реттеу шаралары кезінде ешбір кредитордың шығындары қалыпты банкроттық рәсімдегіден артық болмауы тиіс деген талап. Яғни, адал несие берушілердің құқықтары қорғалады.
Іс-шара барысында халықаралық сарапшылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, көптеген елдерде мемлекет банк секторын тек соңғы амал ретінде ғана қолдайды және бұл қолдауды кейіннен банк иелері өтеп отыруға міндеттеледі. Мұндай тәсіл бюджетке түсетін салмақты азайтып, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылар Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа тетік қаржы секторының орнықтылығын күшейтіп, нарықтық қағидаттарға сай әділ реттеу жүйесін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.