
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС монополиялық жағдайды теріс пайдаланғаны үшін 1,42 миллиард теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеп-тексеру нәтижесінде компанияның аффилиирленген ұйымдарға артықшылық беріп, басқа жекеменшік экспедиторлық компаниялардың қызметіне кедергі келтіргені анықталды. Нақты айтқанда, «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ секілді серіктестеріне жүк тасымалдау жоспарларын келісуде басымдық берілген.
Тексеру Қазақстан және Қырғыз экспедиторлар қауымдастықтарының, сондай-ақ бірнеше көлік-экспедиторлық компаниялардың шағымдары негізінде басталған.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды.
2025 жылғы 22 тамызда Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ін 1,42 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.
Кейін бұл шешім 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астана қалалық соты тарапынан өзгеріссіз қалдырылды.