Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мемлекет басшысы Ресей премьері Михаил Мишустинмен кездесті

Мемлекет басшысы Ресей премьері Михаил Мишустинмен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы «Ақорда» резиденциясында Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Digital Almaty 2025 цифрлық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесу өткізді. Кездесуде екі елдің стратегиялық серіктестігін дамыту перспективасы талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қарым-қатынасты жандандыруға баса назар аударылған. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтуға Михаил Мишустиннің қосқан үлесін жоғары бағалаған. Сонымен қатар Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің былтыр 27 қарашада Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың өзекті екенін атап өткен.

«Елдеріміздің арасындағы байланыс беки түсті. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Сіздің Астанаға жасаған сапарыңызды жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз. Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған сапары барысында Уфада өңіраралық форум табысты өтті. Биыл біз кезекті форумды Қазақстан аумағында, яғни Орал қаласында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ынтымақтастықтың осы форматы нәтижелі болады деп ойлаймын»,  – деді президент.

Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары алға қойған міндеттерді нақты іске асыруға дайын екенін мәлімдеген. «Орайлы сәтті пайдалана отырып, Ресей президенті Владимир Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Владимир Владимирович былтыр қараша айында Қазақстанға тарихи мемлекеттік сапар жасады деуге болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз де желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласына келдіңіз. Біз үшін өңіраралық форумның берері мол. Ресейдің аймақтары Қазақстанның көптеген облысымен тікелей байланыс орнатқан. Өзіңіз атап өткендей, бұл форматтың маңызы зор, оның тиімділігін арттыруға барынша қолдау көрсетеміз. Қазақстан – Ресей Федерациясының көршісі әрі одақтасы. Біздің қарым-қатынасымыз достық пен өзара құрметке негізделген», – деді Ресей үкіметінің төрағасы.

Михаил Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі елдің үкіметтік делегациялары арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесі туралы ақпарат беріп, күн тәртібінің барлық спектрі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне тоқталды. Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды.  Сонымен қатар ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы Ресей президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабыл алғанын айта кеткен жөн. 

Ұқсас материалдар