Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін уақытша тоқтату керек - Депутат

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін уақытша тоқтату керек - Депутат
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев міндетті медициналық сақтандыру жүйесін уақытша тоқтатуды ұсынды. Оның айтуынша, халық қайда барып ем аларын білмей жүр. 

Депутат МӘМС-тің жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болғанына қарамастан, өзекті мәселелер көп екенін айтты.

«Не «приписка» тоқтаған жоқ. Оның ішінде марқұмдарды да тіркеп жіберді. 3-4 айлық балалардың да тісін емдедік деп қор ақша алып отырғанын көріп отырмыз. Былтыр Президент тапсырған медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Оған қоса Мемлекет басшысы айтқан "жергілікті билік өкілдері, әкімдіктер әлеуметтік осал топтардың кейбірінің медициналық сақтандыруын жергілікті бюджеттен төлесін" бастамасы да жүзеге асқан жоқ. Осы МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз. Бұрынғы жүйе де, қазіргі жұмыс де істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып ем аларын білмейді», – деді депутат Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.

Мәжіліс депутаты осы тұста Нартай Сәрсенғалиев мынадай ұсыныс айтты. 

«Онсыз да басы қатып жүрген халықтың басын қатырмай, егер мүмкіндік болса, осы жүйені жүйелеп, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше, неге МӘМС жүйесін тоқтата тұрмасқа?! Өйткені елімізде 20 млн адам бар. Оның 3,5 млн-ы тіркелмеген, ал 14 млн адамның медициналық шығындарын мемлекет көтереді. Сонда сақтандыру жарнасын төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, оны басқаша емдеудің жолын табармыз», – деді ол.

Депутат міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде мың адам жұмыс істейтінін, олардың бір жылдық жалақы қоры 11 млрд теңге екенін баса айтты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жүйеде кемшіліктері бар екенін айтты. Сөзінше, олқылықтардың орнын толтыруға болады.

«Жүйені әрі қарай қолдап, жетілдіруді қажет етеді деп білемін. Екінші мәселе ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы биыл өзінің жалғасын тапты. Былтыр 99 нысан салынса, биыл 361 нысан салынып, іске қосылды. 2025 жылы қосымша 195 объект салынады. Сондай-ақ 32 ауданаралық ауруханалардың жетеуінің қосымша құрылыстары мен күрделі жөндеулері былытр басталып, биыл жалғасын табады. Оған 3,8 млрд теңге бағытталды. 10 аурухананың жобалық-сметалық құжат жеттік өтінім әзірленді. Қазір 7 жобалық-сметалық құжат жоспарлау сатысында тұр.

Инвестициялық қызметтерді МӘМС жүйесі жүргізіп отырады. Бұл түскен барлық жарнапұлдардан, жұмыс берушілер мен жұмысшылардан 1,18 пайызын құрайды. Бұл қосымша барлық МӘМС жүйесіндегі қызметтердің атқарылуының жұмыстарына жұмсалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 17 млрд теңгеге жуық қаражат болды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бұл жұмысты қайта қарап, 1,5 млрд теңгеге бұл соманы азайттық. Негізі бұл мәселе бақылауда. Биыл автоматизация жүйесі іске қосылса, тиісті қосымша шаралар қабылданады», –  деді министр депутаттың сауалына берген жауабында.

Ақмарал Әлназарова жалақыны төлеу қоры 11 млрд теңге болғанын жеткізді.

«Қалған шығындар 20 филиал мен орталық филиалдың барлығын ұстап тұруға кетеді. 2024 жылдың қорытындысымен 15,5 млрд теңге көлемінде қаражат осындай шығындарға жұмсалды»,– деп атап өтті ведомство басшысы.

Ұқсас материалдар