Кешегі күннің басты жаңалығы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ын Митталдан сатып алынып, иесі ауысқаны, Қармет деген тарихи атын қайтарғаны болды.
Қарағанды металлургия комбинаты аталып келген алып кәсіпорын 1990 жылдары көптеген өндіріс орындары сияқты қиын жағдайға тап болып, жекеге өткеннің бірі. 1995 жылы 17 қарашада жекешелендіру жөнінде өткен жабық тендерде штаб пәтері Лондонда орналасқан, Лакшми Митталға тиеселі Ispat International компаниясы жеңіске жетті. Соның нәтижесінде «Испат Кармет» АҚ құрылды. 2004 жылдың желтоқсанында «Испат Кармет» АҚ «Миттал Стил Теміртау» АҚ ретінде қайта тіркелді. 2007 жылдың 6 қыркүйегінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ деп атала бастады. 2023 жылдың 8 желтоқсаны күні Миттал кәсіпорынды 286 млн долларға Қазақстанға сатқаны белгілі болды. Артынша дәл сол бағаға Андрей Лаврентьевке сатты. Нәтижесінде компанияның аты қайтадан Қармет деп атала бастады. Митталдың орнына Лаврентьев келді.
Қарметтің Митталға сатылуы туралы аңыз да, пікір де көп. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жақында шыққан «Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа» атты кітабында Қармет тақырыбына 3 бет арнаған. «Қателіктер құрсауында» аталатын бөлімде Қарметті дағдарыстан шығаруға алдымен Болат Әбілов бастаған жас бизнесмендер кіріскенін, алайда, "кроссовкалар мен парфюмерия импортерлері" кәсіпорынды тастай қашқанын жазады.
«Теміртаудағы жағдай тіпті қиын еді. Қазақстан индустриясының алыбы — «Қарметкомбинат» күрделі күйді бастан кешті. Комбинат электр қуаты, көлік жөнінде үлкен қарызға батып, банкроттықтың алдында тұрған. Металлургиялық агрегаттар тоқтай бастаған-ды. Кәсіпорынды дағдарыстан шығаруға шамасы келетіндей инвестор шарқ ұрып іздеп жатқан. Болат Әбілов бастаған жас бизнесмендер стратегиялық инвесторды тарту жөніндегі өзінің көмегін ұсынды. Австрияның «Фест Альпина» компаниясымен бірлесе отырып, олар кәсіпорынның қаржылық мәселелерін шешуге және бүгінгі заманғы менеджментті енгізуге міндеттенді. Комбинатта жаппай талан-таражға салу белең алғандықтан, инвесторлардың өтініші бойынша мен тиісті көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Кәспорынды қорғауды қамтамасыз етуге республиканың, солтүстік облыстарынан ішкі әскер белімшелері алдырылды. Алайда біздің, жас бизнесмендеріміздің сауда саласында (оның, өзінде кроссовкалар мен парфюмерия импортері ретінде ғана) жинақтаған бүгінгі заманғы менеджмент тәжірибесі ірі өнеркәсіп орнының жұмысын ұйымдастыру, металлургиядағы байсалды шетелдік әріптестермен жұмыс істеу үшін жеткіліксіз болып шықты», делінген кітаптың 314-317 беттерде.
Жас бизнесмендеріміз артқан үмітті ақтамады, деген Н.Назарбаев, кәсіпорынды металдың әлемдік нарығында мықты орны бар компаниялардың тарапынан ірі инвестиция салынуы ғана аман алып қала алатын еді. Сөйтіп, комбинат сатылды, деп жазады.
Кітапта компанияның аты аталғанымен, Митталдың аты аталмайды.
«Қарметкомбинаттың» жаңа иелері бірден-ақ жалақы бойынша қарызды өтеді, кері талап бойынша төлемдерді жасады. Жекешелендіру басталғаннан кейінгі сегіз жылдың ішінде инвестицияның жалпы сомасы 521 миллион долларды құрады. Аз уақыттың ішінде домна пештері жөнделді, аса маңызды технологиялық желілер қайта жаңғыртылды. Оған қоса ыстық мырыштау және алюминдеу цехы іске қосылды. Сол тұста қалыптасқан ерекше, баламасыз шаруашылық жүргізу жағдайында металлургия алыптарын жекешелендіру жанама меншік кешендерін сату жөнінде өзінше бір тізбек туғызып жіберді. Мысалы, Қарағанды металлургия комбинатының активтерін сату кезінде солай болды. Оларды «Испат Интернэшил» компаниясы 1995 жылы сатып алған. Алайда кәсіпорынның ойдағыдай жұмыс істеуі үшін өндірісті электр қуатымен, жарықпен, шикізатпен дер кезінде қамтамасыз етіп тұру мәселесін шешуі қажет еді. Осыған байланысты 1996 жылы инвестор қалыпты өндірістік циклді жолға қою мақсатымен Қарағанды екінші жылу-энергетика орталығын, сондай-ақ көмір шахталарының негізгі бөлігін сатып алуға, оларды инвестициялау проблемасын шешуге мәжбүр етілді. Келесі жылы «Испат Кармет» акционерлік қоғамына «Карагандашахтаутоль» акционерлік қоғамының жанама қосалқы кәсіпорындары қосылды. ТМД елдерінде шахтер ереуілдері толқын-толқын өтіп жатқан кез еді ол. Мұндайлық ірі өнеркәсіпті өңірде өткір әлеуметтік және экономикалык проблемаларды шешуде кешеуілдік жасаудын бүкіл ел үшін болжанбастай және өте ауыр зардаптары болу мүмкін еді. Біз оған ұрынбай өте алдық. Бұған «Қарметкомбинаттың» орнықты жұмыс істеуінің көп ықпалы тиді», деп жазады Н.Назарбаев.
Алайда 28 жыл өткенде Қазақстан Тұңғыш Президент жазған металдың әлемдік нарығында мықты орны бар компаниядан қайта сатып алып, отандық инвесторға өткізіп сатуға мәжбүр болды. Жаңа инвестор тұсында Қармет қалай дамиды ол уақыт еншісінде.