Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мәдина Әбілқасымова: Қаржы жүйесі экономиканың сенімді тірегіне айналып келеді

Мәдина Әбілқасымова: Қаржы жүйесі экономиканың сенімді тірегіне айналып келеді

Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің дәстүрлі XIII Конгресі өтті. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан Ұлттық Банкінің, шетелдік орталық банктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары, қаржы нарығына қатысушылар қатысты.

Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова сөйлеген сөзінде Қазақстанның қаржы секторы елдің экономикалық мақсаттарына қол жеткізуді белсенді қолдай отырып, орнықтылық пен сенімді өсуді көрсетіп отырғанын атап өтті.

Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері биыл жыл басынан бастап 9%-ға ұлғайып, 75 трлн теңгені құрады және  ЖІӨ-нің 51%-ына жетті. Өсу қаржы нарығының барлық сегменттерінде байқалады. Банк секторы Қазақстанның қаржы жүйесінің негізі болып қала береді. Банктердің активтері 9%-ға ұлғайып, 67 трлн теңгені құрады, ал соңғы бес жылда үш есеге жуық ұлғайды. Капиталдың жеткіліктілігі деңгейі ең төменгі талаптардан 2,5 есе артық және минимум  8% болған кезде 20%-дан асады. Проблемалық кредиттердің үлесі төмен 3,5% деңгейде  сақталып отыр.

«Сонымен қатар халық пен бизнестің қаржы жүйесіне деген сенімінің артуы байқалады. Клиенттердің депозиттерінің көлемі 2,5 есе артып, 45,7 трлн теңгеге жетті, ал жеке тұлғалардың салымдары үш есеге жуық – 26,5 трлн теңгеге дейін өсті. Қаржылық инклюзия деңгейі қалаларда шамамен 90%-ды және ауылдық жерлерде 85%-ды құрайды, ал қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 90%-ға жақындады. Бұл көрсеткіштер сенімнің өсуін ғана емес, сонымен қатар заманауи қаржылық мәдениетті қалыптастыратын банктік қызметтерді жан-жақты цифрландыруды да көрсетіп отыр», – деді Агенттік Төрағасы.

Сондай-ақ Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығының орнықты өсіп отырғанын  атап өтті. Сақтандыру компанияларының активтері биыл жыл басынан бастап 20%-ға ұлғайып, 3,8 трлн теңгеге жетті. Бағалы қағаздар нарығы бюджет пен жеке секторды қаржыландыру үшін ұзақ мерзімді капитал көзі ретінде позицияларды нығайтуда. Акциялар нарығын капиталдандыру 22%-ға өсіп, 40,2 трлн теңгені құрады. Микроқаржы секторы шағын бизнес пен халыққа кредит беруде маңызды рөлін сақтауда.  

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Банктер туралы жаңа заң жобасы әзірленді, экономикаға кредит беруді ынталандыру, тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін азайту және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылданды.

 «Банктер туралы жаңа заңның әзірленуі банк секторындағы биылғы жылдың басты оқиғасы болды, ол қаржылық тұрақтылықты, бәсекелестікті дамытуды және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін озық стандарттарға және реттеу мен қадағалаудың үздік халықаралық тәжірибесіне бағдарланған банктік реттеудің заманауи моделінің негізін қалайды»,- деп атап өтті Агенттік Төрағасы. 

Банктер туралы жаңа заң шеңберінде базалық және әмбебап банктік лицензияны енгізу арқылы жаңа қаржы институттарының пайда болуы үшін жағдайларды одан ырықтандыру көзделген. Тепе-тең реттеу қағидаты енгізіледі, орнықтылық пен есептіліктің негізгі қағидаттарын сақтай отырып, банктік лицензия алу талаптарын жеңілдету көзделеді.

Жоғары инфляция және қатаң ақша-кредит саясаты жағдайында корпоративтік кредиттеудің қолжетімділігін қолдау және тұтынушылық кредиттеу қарқынын төмендету маңызды басымдық болып қала береді. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп құрылымдық және пруденциялық ынталандыру шараларының кешенін іске асырды.

Өз кезегінде, тұтынушылық кредит беруді ынталандырмау үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 350%-ға дейінгі тәуекел-саралау коэффициенттері көтерілді, қарыз алушыда банктік қарыздар бойынша 30 күннен астам және микрокредиттер бойынша 1 күннен астам қолданыстағы төлем мерзімі өткен қарыздары болған жағдайда 5 жылдан астам тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынды.

Агенттік басшысының айтуынша, Ұлттық Банкпен бірлесіп капиталдың 2% мөлшеріндегі секторлық контрциклдік буфері және жаңа пруденциялық норматив – жылдық кіріске борыш коэффициенті (Debt-to-Income) қабылданды.

 «Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша экономикаға берілген кредиттер 14,6%-ға 38,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде бизнеске берілген кредиттер 12,1%-ға 14,7 трлн теңгеге дейін өсті. Кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны 2024 жылғы 29,3%-ға өсіммен салыстырғанда 12,7%-ға дейін 11,5 трлн теңгеге дейін баяулады», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды атап өтті. 2025 жылғы 30 маусымда Қаржы нарығын дамыту мәселелері жөніндегі заңның қабылдануы жүйелік шара болды. Заңмен кепілсіз қарыздар беру кезінде «шешім қабылдау кезеңі», 1 млн теңгеден астам сомаға қарыздар кезінде 24 сағат және 600 мың теңгеден астам қарыз беру кезінде 8 сағат енгізілді. Азаматтардың қарыз шарттарын тексеруге және қаржылық шығындарсыз қарыздан бас тартуға уақыты болады. Сонымен қатар, бірінші тұтынушылық кредитті бұдан былай   қарыз алушының жеке қатысуынсыз ресімдеу мүмкін емес. 2025 жылғы қаңтардан  бастап банктер мен МҚҰ нақты уақыт режимінде алаяқтық және тәуекелі жоғары операцияларды анықтау үшін меншікті антифрод-жүйелерін енгізуге және арнайы бөлімшелер құруға міндетті.

Агенттік Төрағасы Қазақстанның қаржы секторындағы орнықтылықты, ашықтықты және инновацияларды арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістерінің маңыздылығын атап өтті.  

«Біздің мақсатымыз – экономикалық өсуді және азаматтардың әл-ауқатын тиімді түрде қолдайтын бәсекеге қабілетті, технологиялық тұрғыдан дамыған қаржы нарығын құру», – деді Мәдина Әбілқасымова. 

Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресі цифрлық трансформация мен жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында қаржы жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң болып табылады.

Ұқсас материалдар