Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Парламент 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

Парламент 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті
Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды мақұлдады.

2025–2027 жылдарға арналған бюджет аталған кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген.

Болжамды әзірлеу кезінде Қазақстан Үкіметі үш даму сценарийін ұсынды. Негізгі сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 доллар деңгейінде қабылданған.

Үкіметтің болжамы бойынша, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 5,6%-ды құрайды, ал 5 жылдық орташа өсім – 5,4% болады.
Номиналды ЖІӨ 2025 жылы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге немесе 498,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды.

Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5–7,5% аралығында, 2026 жылы 5-6% деңгейінде, ал 2027-2029 жылдары 5%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,7% деңгейінде белгіленсе, 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді. Үкімет болжамы бойынша, мұнайға қатысы жоқ тапшылық 2025 жылы ЖІӨ-нің 7,3%-ын құраса, 2027 жылы бұл көрсеткіш 4%-ға дейін азаяды.

Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) 2025 жылы 15,6 трлн теңге, 2026 жылы – 16,7 трлн теңге, 2027 жылы – 18,2 трлн теңге болады деп жоспарлануда.

Республикалық бюджеттің шығыстары 2025 жылы 25,8 трлн теңге көлемінде немесе ЖІӨ-нің 17,1%-ы, 2026 жылы – 23,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 13,7%-ы, 2027 жылы – 24,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 12,9%-ы деңгейінде жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары «2025-2027 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қарастырып, қабылдады.
Құжатқа сәйкес, Ұлттық қордан 2025 жылы мақсатты трансферт 3,250 трлн теңге, кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңге көлемінде бөлінеді.
Құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.

Ұқсас материалдар