
Қазақстанда жаңа Салық кодексі енгізілгеннен кейін 300 мыңға жуық компания өз жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл үрдіс ел экономикасы үшін қалыпты және жағымды құбылыс, себебі жабылатын кәсіпорындардың басым бөлігі – жалған немесе салықтан жалтару мақсатында құрылған фирмалар.
«Біз бұл жағдай болатынын алдын ала айтқанбыз. Иә, бизнестің бір бөлігі жабылады. Бірақ бұл – негізінен бизнесті бөлшектеумен айналысқан, көлеңкелі схемалар арқылы жұмыс істеген компаниялар. Енді ондай әрекеттерге құқықтық негіз де, мүмкіндік те қалмайды», – деді Әмрин.
Вице-министрдің айтуынша, кейбір кәсіпкерлер бірнеше компания құрып, қызметкерлерді соларға бөліп тіркеп, табысты әдейі шашыратып көрсету арқылы ҚҚС (қосылған құн салығы) шегінен төмен болуға тырысқан. Бұл тәжірибе жаңа заңмен тоқтатылады.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, біріккен табысы 2 млрд 350 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілер қатарынан босатылады. Бұл бизнес құрылымдарын бөлшектеуге деген қажеттілікті жояды.
«Бұдан былай бірнеше компания құрып, табысты жасанды түрде бөлуге еш мән қалмайды. Есесіне, ашық әрі адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жағдай жақсарып отыр. Жалпы алғанда, бизнестің 98 пайызы бұрынғыдай жеңілдетілген салық режимінде қала береді», – деп түсіндірді вице-министр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер салықтық тәртіпті күшейтіп, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.