
Сурет: Кеген ауданының әкімдігі
Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы тек мемлекетаралық деңгейде ғана емес, көршілес облыс, аудандар арасында да қарқынды дамуда. Осы аптада шекаралас Қырғызстан республикасының Түп ауданы әкімшілігінің басшылары тәжірибе алмасу мақсатында Кеген ауданына іс-сапармен келді, деп хабарлайды Кеген ауданы әкімдігі.
Қонақтарды шекара шебінде аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Нұғман Алмасбек Нөкербанұлы, аудан әкімінің аппараты қарсы алды.Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев пен Түп ауданының әкімі Қаныбек Әдиев
Соңғы жылдары ауданда көршілермен бөлісетін жаңалық та, игі іс те көп.
Қырғызстан Республикасы Түп ауданы әкімшілігі басшылары алдымен танысқан жобаның бірі – Кеген ауылындағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға инвесторлардың көмегімен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы.
«Строи Индустрия» ЖШС жүргізіп жатқан 65 шаршы метрді құрайтын 26 тұрғын үй қолданысқа берілген соң, 56 отбасы баспаналы болады.

Қонақтар бұдан кейін Заманбек Нұрқаділов атындағы Кеген ауылындағы балалар өнер мектебінің жұмыстарымен танысты.
Жақында Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілген өнер мектебі күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңарған, жайлы оқу орындарына айналған. Жөндеу жұмыстары аясында мектептің ішкі және сыртқы көрінісі жаңартылып, заманауи оқу құралдары мен әдістемелік базамен жабдықталған.
2024 жылдың 23 ақпанында қолданысқа берілген Кеген ауданының жастар ресурстық орталығында жастар түрлі үйірмелерге қатысып, жаттығу бөлмесінде жастар спортпен шұғылданады. Шығармашылыққа бейім жастар коворкинг бөлмесінде кітап оқып, ақын-жазушыларымен кездесулер, түрлі әдеби кештерін өткізеді. Кеген ауданында 14-35 жас аралығындағы 9821 жас бар. Өңірдегі әрбір үшінші адам жастар. Сондықтан мұндай орталықтың болғаны маңызды. 8 адамдық жаттығу залы, 20 адамдық конференц зал, 14 адамдық коворкинг орталығы бар ғимарат құрылысына 260,1 млн теңге жұмсалған.
Көрші елден келген қонақтар Кеген ауылдық округі әкімінің аппаратының жұмыс барысын көріп, тәжірибе алмасты. Бүгінде әкімдікте 25 адамды жұмыс істейді.
Бұдан кейін қонақтар аялдаған нысан – «КазМясо» ЖШС. Серіктестіктің ғимаратында өткен басқосуда компанияның бас директоры Төлеген Бозжанов ет бағытындағы асыл тұқымды Абердин Ангус ірі қарасын өсірудегі, оны бордақылаудағы барлық жұмыстарын, дайын ет өнімдеріне айналғанға дейінгі игілікті шаруаларын егжей-тегжейлі айтып, көрсетіп берді. «КазМясо» – ірі қара малын өсірумен және сиыр етін өндірумен айналысатын компания. Бұдан бөлек, бұзау, бұқа өсіру және сату жұмыстарын жүргізеді. Ірі қара малдың элиталық асыл тұқымды селекционері. Сондай-ақ, компания Ангус тұқымымен бірге Герефорд ірі қара малын өсіреді.

«КазМясо» ЖШС бас директоры Төлеген Бозжанов жұмыс жайын баяндады
Аудандағы ең ірі инвестожобаның бірі – «КегенМясоПром» ЖШС Ет өңдеу комбинаты іске қосылу алдында тұр. Ет комбинаты толық іске қосылған жағдайда, өңірдегі мал сою және ет өңдеу инфрақұрылымының тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді. 2,5 млрд теңге инвестиция салынған комбинатта алдағы уақытта күніне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады, жылына 2500 тоннадан астам ет өндіріледі. Қосымша 330 тонна шұжық және 70 тонна консерві өнімдері шығарылады. Ал Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарындағы фермерлер өз малдарын нарықтық бағамен өткізе алады.

Түп ауданының басшылығы Кеген ауданындағы ірі нысанның бірі - У.Д.Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясына да барып, техникалық жай-күйімен, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңге дайындық жөніндегі іс-шаралармен және перспективті жоспарлармен танысып қайтты.
Мойнақ СЭС – су қоймасының деңгейі мен гидроагрегаттардың орналасуы арасында 500 метр биіктік айырмашылығы бар деривациялық үлгідегі Қазақстандағы бірінші және жалғыз жоғары қысымды ірі су электр станциясы. Ол Шарын өзенінің көркем табиғи аймағында орналасқан.
Станция өзінің технологиялық ерекшеліктері мен шешілетін міндеттері бойынша бірегей болып табылады және «Самұрық-Энерго» энергетикалық холдингінің генерациялаушы қуаттарынан ғана емес, сонымен бірге республиканың жұмыс істеп тұрған барлық электр станцияларынан да ерекшеленеді.
Қонақтар еліміздегі ең көрікті аумақтағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне де барып, туристік аймақтың тыныс-тіршілігімен де танысты. Сонымен қатар Кеген орман шаруашылығы мекемесінің жұмысындағы озық тәжірибелерді көрді. Жаңа сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларын тапсыру шарасына қатысып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Айта кетейік, Кеген ауданымен шектесетін Түп ауданының ауа-райы, табиғи жағдайы Кеген өңірімен ұқсас.
Іссапар барысында мәртебелі меймандар мәдени іс-шараға да қатысып, аудандық мәдениет үйінде Кеген халық театры сахналаған Шыңғыс Айтматовтың “Қызыл орамалды шынарым” атты лирикалық драмасын да тамашалады.
«Сапарымыздың басты мақсаты – Түп ауданы мен Кеген ауданы арасындағы байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу. Бүгін біршама жаңа нәрселермен таныстық. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар, спортшыларды қолдау үшін жасалатын жобалардың қарыны жақсы екен. Ал алдағы уақытта өңірімізде біз де осы осындай жобаларды енгізуге шешім қабылдап отырмыз. Мал шаруашылығындағы беталыс та көңілімізден шықты. Ангус өсірумен айналысатын шаруамен кездестік. Тұқымын өсіруге қызығушылық танытып отырмыз. Кеген ауданы әкімдігіне мұндай тәжірибе үшін рахмет. Біздің де өңірге ат басын бұруға шақырамыз», – дейді Түп ауданының әкімі Қаныбек Әдиев.