Туризм – табыс әкелетін сала. Кейбір мемлекет туризмін дамытып-ақ, экономикалық ахуалын түзеп келеді. Соның көшбасында тұрған Түркияның өзі көпке үлгі. Бүгінде қос теңіздің суын қатар емген Түркияның демалыс орындарына бармаған отандастар кемде-кем. Табиғат-ананың берген көзтартар байлығы мен көне ескерткіштердің өзін кәдеге жарататын ел талайдың таңдайын қаққызған. Бұл мемлекет негізін қалаған Ататүріктің «түтінсіз фабрика салып беремін» деген мақсатының жүзеге асқанын көрсетеді.
Бір қарағанда, елімізде де сырттан келген қонақтар тамашалайын орын көп. Сандаған ғасырдан бері сыры бұғып жатқан қаншама тарихи жәдігерлер мен ескерткішке баймыз. Алайда қолда барды тиімді пайдаланып, ұқсатып жатқанымыз шамалы. Әсіресе, шетелден келген туристер келгенде абдырап, әбден сасатын да біз. Себебі қонақты күтіп алудан бастап, қызмет көрсетуге дейінгі аралықтағы жайттар бізге әлі беймәлім. Президент жыл сайынғы жолдау мен қол қойған мемлекеттік бағдарламаларда да туризм саласын дамыту мәселесін айналып өткен емес. Тіпті, «100 нақты қадамның» 57-қадамын осы түтйкілге арнап, арнайы туристік кластер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуға тапсырма берген. Бұл қаншалықты орындалып жатыр?Жаңа бағдарламадан үміт көп
Жақында Мәдениет және спорт министрлігі Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жобасын жариялады. 10 негізгі бағыттан тұратын жобаның бір тармағы – туризмге арналған әлеуетті территорияны анықтау. Бағдарлама ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аңшылық-олжалық, экологиялық, этнографиялық және агротуризмді дамыту шараларын қарастыратын Елбасының Қазақстанда туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу бойынша 2018 жылғы 10 мамырдағы тапсырмасын орындау, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. 2019-2025 жылдар аралығында іске асырылатын жобаның мақсаты – шекарадан өткен шетел азаматтарының санын 9 млн адамға, кәсіби қызметпен емес, 24 сағаттан астам уақыт ҚР аумағында өткізген шетелдіктер санын 3 млн адамға ұлғайту. Сондай-ақ, 7 жылдан кейін туристік салада 650 мың адам жұмыс істейтіні болжануда. Бұдан бөлек, орналастыру орындары көрсеткен туристік қызметтер көлемі 2,5 есеге өсетіні (270 млрд теңгеге дейін), негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 3 есеге артатыны (600 млрд теңгеге дейін) жоспарланған. Ең бастысы, еліміз ЖІӨ бойынша туризм үлесін 8 пайызға арттыруды көздеп отыр. Бағдарлама жобасын шолып шыққанымызда, «Туризмнің ең жылдам өсуі Қытай, Үндістан және Ресейде байқалады. Ресей мен Қытайдың ең жақын көршісі ретінде, Қазақстан да іскерлік және оқиғалық туризм бойынша әлемде өз орнын алуы мүмкін. UNWTO болжамдарына сәйкес, келесі екі онжылдықта экотуризм қарқынды дамитын болады, ал экотуризмге кететін жаһандық шығындар жалпы туризм индустриясымен салыстырғанда жоғарылау қарқындармен өсетін болады. Одан басқа, бүгінгі күні әлемде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жыл сайын 8 млрд адам барады, олардың 80 пайызы Еуропаға және Солтүстік Америкаға тиесілі. Нәтижесінде тікелей шығындар түрінде 600 млрд АҚШ доллар және тұтынушылық шығындар түрінде 250 млрд АҚШ доллар пайда келеді», –делінген. Әрине, миллиардтаған адам ат басын тірейтін орындар көп. Бірақ мұндай елдер ең әуелі туристке жайлы әрі ыңғайлы орта, сапалы қызмет көрсетуді жолға қойған. Бұл жайында бағдарлама жобасында да тайға таңба басқандай жазылыпты. Яғни, бір шетел туристінен түсетін табысты алу үшін әлем нарығына шамамен 9 тонна тас көмірін, 15 тонна мұнайды немесе 2 тонна жоғары сұрыпты бидайды шығару керек. Елге келетін әрбір турист әрбір сағат сайын шамамен 20 доллар шығындайды, 30 турист 1 жұмыс орнын береді. Бұл шынымен де, солай. Егер елге келген қонақ тағы қайта айналып соқсын десеңіз, қызмет те сапаға сай көрсетілу керектігі айтпаса да түсінікті. Министрлік зерттеу жүргізіп, елге туристердің ағынын қамтамасыз еткен үздік 10 жерді анықтапты. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 600 млрд теңге басымдыққа ие жерлерді дамытуға тартылатын болады. Мәдениет және спорт вице-министрінің кеңесшісі Еркебұлан Хасенов: «Қазақстан – туристік жерлері көп үлкен мемлекет. Барлық жерлерді бірдей дамытуға қаражат көзі жетпейді, сондықтан біз анағұрлым тартымды территорияны белгіледік. Мәселен, туризмді дамыту картасына Алакөл мен Балқаш жағалауы, Алматы мен Алматы облысы тау кластері кірді», – дейді. Айта кету керек, картаға барлығы 60 нысан енді, олардың басым бөлігі өңірлерде орналасқан. Жаңа бағдарламаға сәйкес басымдыққа ие 10 жоба салықтық жеңілдікке ие болады. Сонымен қатар бұл территорияларда басқарушы компаниялар құрылып, оларға арнап жер учаскелері дайындалып, қажетті сыртқы инфрақұрылым тартылады. Сондай-ақ, бағдарлама маркетингке баса назар аударған. Әлемде Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжанның туристік аймақтары танымал десек, әрине бұл нақты жұмыс пен үлкен бюджеттің нәтижесі. Бұл туралы: «Бюджетті 7 млрд теңгеге дейін ұлғайту мақсатында BED TAX – тәулігіне 1 жатын орын үшін туристерден 2 АҚШ доллары мөлшерінде туристік салым жинауды енгізу керек. Осы ретте хостелдер мен мейман үйлерге тоқтаған туристер бұл төлемдерден босатылады. Бұл шара келешекте бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтады. Пилоттық жоба Астанада іске асады», – деді Хасенов. Айтпақшы, юағдарлама аясында e-Visa және е-Hotel жүйесін енгізу және «шақыру» опциясын алып тастау ұсынылды. Сонымен қатар министрлік бос ауаның 5 сатысы бойынша «Ашық аспан» саясатын енгізу ұсынысын алға тартты. Яғни, шығындардың үлкен үлесін автокөлікке кететін шығандар құрайды. Бұдан өзге Астана, Алматы, Ақтау және Шымкент үстіндегі бос ауаның бесінші сатысын енгізу ұсынылмақ. Бұл шығынды азайтып, ұшу билеттерінің бағасын төмендетуге септігін тигізеді. сқасы, бағдарлама туристік салада жұмыс істеп жатқандар санын 400-ден 650 мың адамға, сыртқы туристік ағынды 6,5-ден 9 млн келішуге, ал ішкі туристерді 4,6-дан 8 млн адамға дейін ұлғайтуға басымдық беруде. Қазақстан әзірге Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Сапарлардың және туризмнің бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінде ең төменгі орында. Атап айтқанда, туристерді тарту үшін маркетинг пен брендингтің тиімділігі бойынша 102-орын; ауа көлігінің инфрақұрылымын дамыту бойынша 71-орын; жер үсті және порт инфрақұрылымын дамыту бойынша 91-орын; туристік сервистің инфрақұрылымын дамытуда 97-орын; халықаралық ашықтық бойынша 113-орында. Дүниежүзілік экономикалық форум мамандары жыл сайын Туризм және саяхат индустриясын дамыту индексін жариялайды. Сонымен, зерттеу нәтижелеріне сәйкес 2017 жыл бойынша туристік саласы жақсы дамыған ел – Испания деп танылды. Одан кейінгі орындарда – Франция мен Германия. Ал Ресей бұл тізімде 43-орынға, Қазақстан 81-орынға жайғасты.