Жаңа цифрлық сервистер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс – Агенттік
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына жаңа цифрлық сервистерді әзірлеу және енгізу кезінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
Бұл талаптарға биометриялық технологияларды қолданатын жүйелер де кіреді.
Агенттіктің мәліметінше, әрбір жаңа ақпараттық жүйе міндетті түрде кешенді тестілеуден өтеді. Оған бастапқы кодты талдау, пайдаланылатын құрауыштар мен кітапханаларды тексеру кіреді. Сонымен қатар барлық деректер TLS 1.2 және одан жоғары хаттамалар арқылы шифрланады, ал клиенттердің құпия ақпараты тек қорғалған контейнерлерде немесе жүйелік қоймаларда сақталады.
Мұндай шаралар шабуылдар мен зиянды кодтардың енгізілуінің алдын алу үшін қабылданады.
Агенттік атап өткендей, банктер мен қаржы ұйымдары енгізетін барлық жаңа сервистер белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келуі тиіс. Бұл өз кезегінде азаматтардың дербес деректері мен банк құпиясының сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты түрде бақылап, қаржы секторындағы киберқауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Ведомствоның айтуынша, клиенттердің қауіпсіздігі мен олардың деректерінің сақталуы Агенттіктің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.





