Қор нарығына кіру: Брокерлік есепшот ашу енді оңай

Қазақстан қор нарығында бағалы қағаздар саудасын бастамас бұрын инвестициялық есепшот ашып алған жөн. 7kun.kz  тілшісі оны қалай жасауға болатынын және инвестордың неге назар аударуы қажеттігін сараптап көрді.

Қазақстанда жекелеген саудамен айналысатын инвесторлар биржада тек лицензиясы бар делдалдармен, яғни брокерлер мен дилерлер арқылы ғана сауда жасай алады. Олар клиенттің тапсырысы бойынша  бағалы қағаздармен келісімдер түзе алатын, сонай-ақ саудаласуға тікелей рұқсаты бар бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби мамандар боп есептеледі.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ДЕЛДАЛДАРДЫ КІМ БАҚЫЛАЙДЫ?

Мұндай брокерлер мен делдалдардың жұмысын біздің елде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды.  Қаржы реттеушісінің –веб-сайтына кіріп, бағалы қағаздар саласында брокерлік әйтпесе дилерлік қызметті атқаратын ұйымдардың лицензиясының бар-жоқтығын алдын ала тексеріп алуға болады. Рұқсат құжаттарының болған жағдайындада сіз осы нарықтағы адал брокерлік компаниямен жұмыс бастауға мүмкіндік аласыз. Егер олар  инвесторлардың құқықтарына атүсті қараса, қаржы реттеуші  түрлі шаралар қолданады. Оның үстіне Қазақстан қор биржасында сауда жасауға рұқсат етілген брокерлер мен дилерлер тізімін сайттағы KASE мүшелерінің өкілдері көрсетілген бөлімінен көруге болады.

Жұмыс бастамас бұрын таңдаған брокермен қаржылық операциялардың алдында жазбаша келісімшарт жасап алғаныңыз абзал. Мұндай қызмет түрі кәмелеттік жасқа толған  Қазақстан азаматтарына жеке куәлігі мен төлқұжаты болған жағдайда рұқсат етіледі. Келісім жасалған соң брокер сату және сатып алу құқығын сіздің атыңыздан атқара бастайды. Бағалы қағаздар нарығындағы сауда, түрлі операцияларды жүзеге асыру, мемлекеттік және жеке коммерциялық ұйымдарда құжаттарды орналастыру шараларын жүзеге асырады. Сіз бағалы қағаз нарығындағы сауда-сатық оңтайлы болса, инвестициялық пайдаңызды алып отырасыз, ал брокер көрсеткен қызметі үшін комиссияға қол жеткізіп, өз табысын еселейді.

Тағы бір ескеретін жағдай – брокердің қызметіне жүгінбес бұрын келісімдер, бағалы қағаздарды ұстау, биржада оларды ойнату және өзгеде қызметтерінің түрін анықтап, содан түсетін сыйақының мөлшерін белгілеп, өзінен сұрап алуыңыз керек. Оның табысы мен сіздің көретін пайдаңыздың белгілі бір пропорциналдық өлшемі болғаны жүн. Әйтпесе қаржы жүрген жерде келіспеушілктер жиі орын алып, тараптар уақытынан бұрын келісімшарттарды бұзуға мәжбүр болып жатады. Келісімге келмес бұрын кеңседе отырып, осындай сәттерді алдын ала талқылап алған маңызды. Брокерлік компанияларда алдын ала танысу үшін жеке тұлғаларға арналған шарттар мен ережелер көрсетілген. Оны сайттардан да табуға болады. Сондай-ақ қызметтердің арнайы бағалары мен тарифтері ұсынылады. Сондықтан келісімшарт түзгенге дейін оның талаптарымен мұқият танысып шыққан жөн. Көп жағдайда делдалдармен электрондық нұсқа, яғни мәмілелер онлайн түрінде қашықтан жасалады. 

Делдалдар келісім жасалған соң Орталық бағалық қағаздар депозитариінен арнайы есепшот ашуға міндетті. Инвестордың активтері жеке есепшоттарда тұрады да, қаржының сақталуы және оның ары-бері жылжуының жариялылығы мен ашықтығы қамтамасыз етіледі. Соңғы екі-үш жылда Қазақстан қор биржасында заңды тұлғаларға қарағанда, жеке тұлғалардың қызығушылығы артып, жеке инвесторлардың саны артқан. Мәселен 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында жеке тұлғалардың үлесі 1,5 есеге өсіп, 360 мыңнан асқан. Яғни алты айда  140 мыңнан астам жекелеген инвесторлар жаңадан есепшоттар ашған.    

БРОКЕРЛІК ШОТТАРДЫ АШУДЫҢ ҚАЙ ТӘСІЛІ ҚОЛАЙЛЫ  

Қор биржасына қатысушылары үшін брокерлік есепшоттар ашудың қандай жолдары бар деген сауалға  FinGramota.kz қаржылық – сауаттылық мәселелері бойынша ашылған сайттың өкілдері жауап беріпті.

Мысалы есепшотты үйіңізден алыстамай-ақ ашуға болады. Ол үшін брокердің арнайы сайтын тауып, электрондық жүйемен онлайн түрінде ашса жеткілікті. Одан тыс көптеген брокерлердің ұсынатын мобилдік қосымшаларының көмегімен де ашып, келісімшарттарды түзуге жағдайлар жасалған.

Ал мұндай виртуалдық әдістерге сенбейтін инвесторлар әлбетте брокер немесе дилерлермен кездесіп, оның кеңсесінде келісімшартар жасауға жүгініп жатады. Десе де ең абзалы бұл салада электрондық жүйенің көмегіне иек артқан дұрыс. Себебі, заман талабы солай.  Инвесторлар үшін брокерлік шоттарды ашу немесе қайтадан жабу – тегін.  Заң талаптары бойынша делдалдар мұндай процедураларды бір күннен үш күн аралығында жүзеге асыруға міндетті. 

Бағалы қағаздарға инвестиция салатын азаматтардың жұмыс істеу алгоритмі қандай болуы керек? Салымшы арнайы сауда платформасына өткен соң, брокерлік компанияның жолдаған сілтемесі арқылы әрекеттер жасайды. Одан соң, инвестор есепшот ашуы тиіс, жеке куәлік немесе төлқұжатты сканерден өкізіп, жеке бас деректеріңізге қатысты мәліметтерді толтырасыз. Онда ұялы телефон номері, электрондық пошта, тұратын жеріңіздің мекенжайы талап етіледі. Барлығын толтырған соң, өтініштің бір нұсқасын өзіңізге алып, сақтап қою маңызды. Өтінішке қол қою электрондық сандық қол қою тәсілімен жүргізіледі. Кей брокерлер мобилдік қосымша арқылы  жұмыс жасағанда  SMS – хабарлама арқылы да жүзеге асырады.

Келісімшарт жасалып, брокерлік есепшот ашылған соң, оны қалай толтыруға болады деген сауал туындайды. Шотты толтырудың классикалық үлгісі банк кассасы арқылы толтыру. Одан тыс мобилдік қосымша немесе банкинг әйтпесе брокердің сауда платформасындағы арнайы кабинетінде банктік карталар арқылы ақша салуға болады. Ал сауда-саттықтан тапқан қаражатты сол брокердің сауда платформасынан немесе кез-келген екінші деңгейлі банктен үш жұмыс күнінің ішінде шешіп алуға болады.  

Брокерлік компаниямен келісімшарт жасасқан соң және есепшотты іске қосқаннан кейін қандай әрекеттер күтіп тұр? Сіз өз брокеріңізден қаржылық операциялар үшін сауда терминалдарына рұқсат беруді сұрайсыз. Ол бағалы қағаздар, алтын құймалары және өзге де қаржылық құралдарды басқаруға мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп отыруға міндетті. Қай сауда нарықтарында қандай ұтымды келіссөздер мен мәмілелер жүріп жатқанын брокер сізге көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс. Сауда алаңдары отындық қор биржаларында ғана емес шет мемлекеттерде де қолжетімді. Тиісінше жергілікті компаниялардың ғана емес әлемнің танымал брендтерінің құнды қағаздарын немесе акцияларын сатып алуға болады.  

ИНВЕСТОР БӘРІНЕ ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК, МҰНДА БӘС ПЕН ТӘУЕКЕЛ БАР

Брокер сізге қажет кезде кеңес беріп отырады. Бірақ сіз  ойында өзіңіздің материалдық мүмкіншіліктеріңізді ескере отырып жүргізесіз. Қор биржасындағы сәтті сауда сіздің таңдаған стратегияңыз бен брокердің сауатты бағыт-бағдар беруіне байланысты. Кез-келген инвестиция тәуекелге бел буып, қаражат салуды талап етеді. Мамандар қаражатыңыздың барлығын бағалы қағаздарға салудың керегі жоқ деген кеңес береді. Сосын қор биржасына қарыз алып, қаражат салу құптарлық іс емес. Мүмкіндігінше сауда патформасындағы қаржы сіздің қосымша қаражатыңыз, күнделікті тұрмыс-тіршілігіңізден артылған қаржы болғаны дұрыс. Егер сіз бұл нарықта қаражатыңыздан айырылып немесе өзге де бәр тәуекелдерге тап болсаңыз – ауыр тиеді.    

Инвестициялық табысты көздейтін азамат қор биржасындағы делдалдармен жұмыс істегенде неге мұқият болуы керек? Брокер инвесторды қор нарығындағы барлық жаңалықтардан хабардар етуі тиіс. Биыл 12 шілде елімізде сақтандыру, бағалы қағаздар және банк саласына қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енді. Бұл заң мемлекет басшысы қол қойған соң, биыл қыркүйекте күшіне енеді деп күтіліп отыр.  

Осы сияқты заң актлері немесе өзге де жаңалықтарды инвестор біліп, алдағы әрекетін саралауы керек. Бұл сапасыз қызметтерді алудан, алданудан немесе өзге де тәуекелдерден сақтайды. Жоғарыдағы заңда брокерлер мен дилерлердің жауапкершілігі күшейтілген.  Яғни жеке тұлға, қор нарығындағы инвестор қаржы реттеуші лицензия берген компаниялармен ғана жұмыс істеуді міндеттейді. Брокерге лицензия бермес бұрын жіті қадағалалу, оның сертификаты, еңбек тәжірибесі мен нарықтағы беделі мұқият сараланады.

Сосын заңда, брокердің де салымшының да жауапкершілігіне қатысты түрлі баптар енген.  Егер инвестор шығынға ұшыраса, брокердің жауапкершіліктен құтылуы екіталай. Тіпті шығындардың орнын толтыруы керек болатын жағдайлар қарастырылған. Егер қаржы салған адамға жалған ақпараттар беріліп, оны адастырып, қаражатын иемдену және өзге де асытрын әрекеттер жасалатын болса, брокердің қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайтын жолдары қарастырылып отыр.  

Сондай-ақ заңда инвестордың да жауапкершілігі мен құқықтары қайта сараланған. Жеке салымшының білімі, қаржылық сауаттылығы, кәсіби деңгейі кейбір халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды. Оның осы нарықтағы еңбек тәжірибесі, активтерінің кем дегенде 20-25 миллион теңге болғаны дұрыс. Егер қаржылық шығынға ұшырап жағдайда жауапкершілік пен басқа да тәуекелдерге өзі жауап беретіндей мәселелер көтерілген. Ол білікті болуы үшін арнайы белгілінген тесттен өтіп, талаптарға жауап беруі де қор нарығындағы  сауда саттыққа оң ықпал етеді. Қорыта айтқанда қор биржасына келген брокер, дилер немесе басты ойынша – жеке инвестор да қаржылық тұрғыдан сауатты және өз құқықтарын жетік білгені маңызды. Міне, сол кезде қор нарығына кіру – тиімді  әрі оңай болады.