Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

254 млн теңгенің балығын шетелге заңсыз экспорттаған басшылар сотталды

 254 млн теңгенің балығын шетелге заңсыз экспорттаған басшылар сотталды

Қызылорда облысында «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшыларына қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, кәсіпорынның лауазымды тұлғалары 2022 жылы кеден органдарына жалған құжаттар ұсынып, құны 254 миллион теңге болатын, жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көк серке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған.

Тергеу барысында компания шын мәнінде балық өсірумен айналыспағаны анықталды. Керісінше, олар балықты бар сияқты көрсетіп, жалған шот-фактуралар рәсімдеген және жалған ветеринарлық анықтамалар алған.

«Тексеру кезінде балық өсірілді деп көрсетілген шаруашылықтардың су айдындары толықтай кеуіп қалғаны, ал құжаттарда көрсетілген жүк көліктерінің тасымалдау қызметін атқармағаны және тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз етілмегені анықталды», – делінген агенттік хабарламасында.

Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы мен директоры кінәлі деп танылып, әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекет пайдасына 254 миллион теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлағандай, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ұқсас материалдар