Қазақстанда 4 пайыздық автонесие бағдарламасының қайта іске қосылуы қоғамда қызу талқыланып жүр.
Бағдарламаның қазіргі жай-күйіне қатысты түсініктемені Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков берді.
Оның айтуынша, 4 пайыздық автонесие бағдарламасы айналмалы (карусельді) қағида бойынша жұмыс істейді. Бастапқы кезеңде бөлінген шамамен 80 млрд теңге нарықта айналымда болып, қарыздар қайтарылған сайын бұл қаражат қайтадан автонесие ретінде берілуі тиіс болған.
Алайда екінші кезеңде қарастырылған 100 млрд теңге жеке автокөліктерге емес, автобустарды лизингке алу арқылы автопарктерді жаңартуға бағытталған. Соның салдарынан жеке тұлғаларға арналған автонесие сегментінде белсенділік төмендегендей әсер қалыптасқан.
Соған қарамастан, министрлік өкілі бағдарламаның толық тоқтатылмағанын атап өтті. – Бағдарлама жалғаса береді, – деді Мұхамед Андаков.





