7 млрд теңгеге жуық қаржы жымқырған «ELL QUATY» қаржы пирамидасы әшкереленді
Абай облысында Қаржы мониторингі агенттігінің өңірлік департаменті тұтыну кооперативі ретінде жасырылған «ELL QUATY» қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты.
Ұйым 6,8 млрд теңгеге жуық қаражатты жымқырғаны анықталды.
Ведомствоның хабарлауынша, ұйымдастырушылар азаматтарды «HALYK QUATY» кооперативіне мүше болуға шақырып, тұрғын үй мен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеумен алуға болады деп сендірген. Ол үшін азаматтардан пай жарналарын енгізу талап етілген. Кооператив halykquaty.kz сайты және әлеуметтік желілер арқылы кеңінен жарнамаланып, «Әр отбасыға бақыт!» ұраны қолданылған. «HALYK» сауда белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін ұйым атауы «ELL QUATY» болып өзгертілген.
Жаңа салымшыларды тарту мақсатында түрлі маркетингтік акциялар ұйымдастырылған. Тергеу барысында кооперативтің ұйымдастырушысы қаражатты заңдастыру үшін өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеп, жинаған ақшаны «кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер» үшін төлем ретінде шығарғаны белгілі болды. Алайда мұндай қызметтердің іс жүзінде көрсетілмегені анықталды.
Қаржы пирамидасына 1,5 мыңнан аса азамат тартылып, олардың жалпы шығыны 6,8 млрд теңгені құраған. Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.





