Президент баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекеттік басшысының 7 трлн теңге көлеміндегі транзакцияларға қатысты айтқанына түсініктеме берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпарат таратпайды. Егер ол 7 трлн теңге көлемінде транзакциялар (қаражат аудару) болғанын айтса, демек, солай болған. Негізі бұл ақпарат Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңеске қатысушыларға арналған болатын. Мұны жалпы жұртшылықтың талқылауына салу ойында болмаған. Тек қызметтік сипатта айтылды деген дұрыс», – деді ол.
Оның айтуынша, транзакцияларды өткізген банк әңгіменің қай банк жайында екенін біліп отыр.
«Президент саяси мақсат пен дипломатиялық протокол талаптарын ескере отырып, транзакциялық қаражаттың қай елден шыққанын, оның қандай мемлекетке кеткенін, сондай-ақ санкциялық режим белең алып тұрған жағдайда осындай әрекетке барған қай банк екенін де әдейі айтпады», – деді Айбек Смадияров.





