Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ақша-несие саясатын жұмсарту инфляцияны үдетуі мүмкін – сарапшылар

Ақша-несие саясатын жұмсарту инфляцияны үдетуі мүмкін – сарапшылар
Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Бұл шара ақпанда 9,4%-ға жеткен инфляцияны тежеуге бағытталған. Еліміздің бас банкирі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мөлшерлемені көтеру – экономиканы тұрақтандыру және халықтың сатып алу қабілетін қорғау үшін жасалған қадам болды.

Ақша-несие саясатының қатаңдауына негізгі себеп – инфляциялық болжамның күрт нашарлауы. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұған келесі факторлар әсер етуде:
• Сыртқы инфляциялық қысымның артуы, әсіресе Ресейдегі бағаның өсуі;
• Жанармай бағасының көтерілуі және ҚҚС мөлшерлемесінің артуы;
• ТКШ саласындағы реформалар мен тариф саясатының өзгеруі;
• Ішкі сұраныстың жоғары болуы және тұтынушылық несие беру көлемінің өсуі.
Экономист Ғалымжан Айтқазиннің пайымынша, бұл дер кезінде қабылданған шешім. 
«Ақша-несие саясатын жұмсарту қазіргі жағдайда инфляциялық күтулердің өсуіне және теңгенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін еді. 16,5% мөлшерлемесі инфляциялық қауіптерді теңестіруге және жағдайды бақылауға алуға көмектеседі», – деп атап өтті сарапшы. 
Инфляция нысаналы дәлізден ауытқи бастағанын жыл басындағы көрсеткіштерден байқауға болады. Бұған жуырда жарияланған Ұлттық статистика бюросының деректері дәлел. 
Сондықтан Ұлттық банктің бұл шешімі инфляцияның белгіленген межеден айтарлықтай құбылауына байланысты қабылданып отыр. Жаңа болжам бойынша, 2025 жылы инфляция 10-12% аралығында, 2026 жылы – 9-11%, ал 2027 жылға қарай 5,5-7,5% деңгейіне дейін төмендеуі тиіс.
Сонымен қатар, 2025-2026 жылдарға арналған экономикалық өсім болжамы 4,2-5,2% шегіне дейін төмендетілді. Бұл, ең алдымен, мұнай өндіру бойынша үкіметтің болжамдарын қайта қарауымен байланысты. Дегенмен, ішкі сұраныстың оң динамикасы мен мұнай секторын қалпына келтіру экономикалық өсімді қолдайды.
BCC Invest сарапшылары Ұлттық банктің шешімін қолдап отыр. Олардың айтуынша, бағаның жоғары қарқынмен өсуі жағдайында ақша-несие шарттарын жұмсарту инфляциялық спиральдың қалыптасу қаупін арттыратын еді. 
Сонымен қатар, олар мөлшерлемені төмендету импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеліп, инфляцияны одан әрі күшейтетінін атап өтті. Сондай-ақ, төмен мөлшерлеме төл валютадағы активтердің тартымдылығын азайтып, капиталдың сыртқа кетуіне себеп болуы мүмкін.
«Ақша-несие саясатын жұмсарту импорттық тауарлардың қымбаттауына әкелуі мүмкін, бұл инфляцияны күшейтіп, халықтың сатып алу қабілетіне теріс әсер етеді», – деп хабарлады BCC Invest сарапшылары. 
Осы ретте Ұлттық банк экономикалық жағдайды қадағалап, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдайтынын хабарлады. Реттеушінің басты мақсаты – инфляцияны тұрақтандыру және халықтың сатып алу қабілетін сақтау.

Ұқсас материалдар