Үкімет «Alatau» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) құру туралы қаулыға түзетулер енгізіп, оның шекараларын жаңадан бекітті.
Жаңартылған аумақ Қонаев және Алатау қалаларын, сондай-ақ Алматы облысының Талғар мен Іле аудандарын қамтиды.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, «Alatau» АЭА ресми түрде порттық арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие болды. Оның жалпы аумағы 98 982,98 гектарды құрайды. Мұнда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға арналған учаскелер, соның ішінде әуежайларға қызмет көрсетуге бағытталған аймақтар енгізілген.
Құжатта аймақты 2047 жылға дейін дамытуға арналған нысаналы көрсеткіштер де белгіленді. Жоспар бойынша АЭА-ға тартылатын жалпы инвестиция көлемі 1 666,64 млрд теңге болады. Оның 1 028,32 млрд теңгесі – шетелдік, ал 638,32 млрд теңгесі – отандық инвестициялар.
Сондай-ақ аймақ аумағында өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер көлемі 1 759 млрд теңгеге жетуі тиіс. АЭА-да 53 компанияның жұмыс істеуі жоспарланып, 17 366 жаңа жұмыс орны құрылады. Өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлес 91% деңгейінде белгіленген.





