Apple Inc. Силикон алқабындағы 600-ден астам қызметкерді жұмыстан шығарады. Бұл әйгілі компанияның COVID-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы ірі қысқартулары, деп хабарлайды Market Watch.
Компания Калифорния штатының билігіне 28 наурызда 614 қызметкеріне жұмыстан босату туралы ескерту бергенін хабарлаған.
Қысқартулар Санта-Кларадағы алты қосымша кеңселердегі қызметкерлерге қатысты.
Apple компаниясы қысқартулардың электромобильді дамыту жобасының жабылуына байланысты екенін айтпаған. Алайда ақпан айында The Wall Street Journal жобаның жабылуына байланысты электромобиль жасаумен тікелей жұмыс істеген қызметкерлерінің жұмыстан босатылуы мүмкін екенін хабарлады. Газеттің хабарлауынша, кейбір қызметкерлер Apple компаниясының жасанды интеллект тобына ауысуы керек еді. Алайда компания ол туралы ақпарат таратпады.
Айта кетейік, Apple электр көлік жасау жобасын 10 жылға жуық уақыт бойы жүргізіп келіп, тек биыл ғана зерттеу-конструкторлық жұмыстарын тоқтатқан. Алайда компанияның өзі бұл туралы ешқашан ресми ақпарат таратқан емес. Қауесеттер мен кейбір сала мамандарының сөзінше Apple «Titan» деп аталатын бұл жобаға $10 млрд жұмсаған. Жобаны жасаудың ұзаққа созылуы мен «ақылды» құрылғылардың көп болуы салдарынан көлік құны жарыққа шыққан кезде кемінде 100 мың доллар шамасында болады деп есептелген. Ал Apple бұл бағытта тікелей бәсекелесі деп санаған Тесланың құны бұдан әлдеқайда арзан. Bloomberg тілшісі Марк Гурманның жазуынша Аpple басшылығы биылғы 24 ақпанда жобаны түбегейлі тоқтату туралы шешім қабылдаған. Жобада жұмыс істеген 2000 адамның бір бөлігі ЖИ бағытына ауыстырып, біразын қысқартуды шешкен.