Олжас Бектенов пен Азия даму банкі президенті Масато Канда инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады.
Кездесу Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағыттар аясында өтті. Тараптар Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд доллар болатын 15 жобаны іске асыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Осы жобалардың бірі – ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы мен Азия даму банкі арасында жасалған келісімшарт. Құжатқа сәйкес, Сарыағаш қаласын айналып өтетін, ұзындығы 102 шақырым болатын жаңа жол салынады.
Жоба Б. Қонысбаев атындағы өткізу пункті арқылы Өзбекстан бағытына шығуды қамтамасыз етеді. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа айналма жол транзиттік көлік ағынын елді мекеннен тыс бағыттап, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және автокөлік қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұл жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттықтың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.





