Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Батуми порты арқылы 31 мың тонна қазақстандық жүк тасымалданды

Батуми порты арқылы 31 мың тонна қазақстандық жүк тасымалданды

2026 жылдың басынан бері ҚазМұнайГаз құрамындағы Батуми теңіз порты терминалы арқылы 31 мың тонна қазақстандық жүк тасымалданды.

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі уақытта портта қазақстандық жүктердің импорт, экспорт және транзит бағыттары бойынша негізгі түрлерін өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Батумиден жөнелтілетін тауарлар қатарында Марокко, Түркия және басқа да елдерге экспортталатын жүктер бар.

Компания мәліметінше, Батуми порты арқылы қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеу көлемінің тұрақты өсуі Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы тасымалдарға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл үрдіс Қазақстан, Грузия және халықаралық нарықтар арасындағы логистикалық байланыстардың нығайып келе жатқанын аңғартады.

Айта кетейік, Батуми теңіз порты Қара теңіздегі ең көне порттардың бірі саналады. 1878 жылы құрылған нысанның инфрақұрылымына 11 айлақ, мұнай және әмбебап терминалдар, контейнерлік терминал, сондай-ақ теміржол және автокөлік қатынасының дамыған желісі кіреді. Порттың жылдық өткізу қуаты 21 млн тоннаға жетеді.

Грузиядағы өндірістік активтерге ҚазТрансОйл «Батуми мұнай терминалы» арқылы иелік етеді. Батуми теңіз порты осы құрылымның құрамына кіреді.

Сарапшылардың пікірінше, Транскаспий бағытының дамуы қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтіп, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Ұқсас материалдар