Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өңір әкімдеріне туристік инфрақұрылымды жедел дамыту жөнінде нақты тапсырма берді.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысы туризм саласын экономиканың маңызды әрі инвесторлар үшін тартымды бағыттарының бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, елде туристік нысандардың инфрақұрылымы мен қызмет көрсету сапасын бақылауға арналған Жедел үйлестіру кеңесі жұмыс істеп жатыр. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жеткіліксіз.
Ол жақында Президенттің Алматы облысына жасаған сапары кезінде өңірдегі туристік саланың даму қарқыны сынға ұшырағанын еске салды. Мемлекет басшысы облыстың туристік әлеуетін тиімді пайдалану және қажетті инфрақұрылымды жедел қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын.
Осыған байланысты Олжас Бектенов барлық өңір әкімдеріне туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және туристік нысандардың инфрақұрылымын қарқынды дамытуға тапсырма берді.
Премьер-министрдің сөзінше, туризм саласының жай-күйі мен оның дамуы әрбір әкімнің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Бұл шаралар ішкі және сыртқы туристер ағынын көбейтіп, өңірлердің экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.





