
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған Жолдауында еліміздің саяси жүйесіне қатысты маңызды бастама көтерді.
Президент Қазақстанда бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысын жария етті.
Тоқаевтың айтуынша, бұл бастама – еліміздегі саяси реформалардың жалғасы әрі "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатын нақты іске асыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
«Сенат 1995 жылы күрделі әрі тұрақсыз саяси кезеңде құрылды. Ол тұрақтылықты қамтамасыз ететін институт ретінде өз міндетін абыроймен атқарды. Дегенмен, қазіргі таңда мемлекеттік жүйе дамып, азаматтардың саяси мәдениеті өскенін ескере отырып, бір палаталы Парламент құру мәселесін қоғам талқысына салатын уақыт келді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл реформа асығыстықпен емес, терең қоғамдық талқылау негізінде жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, реформаны талқылауға бір жыл уақыт бөлу қажет. Осыдан кейін, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу ұсынылып отыр.
«Егер халықтың қолдауы болса, бір палаталы Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.